Мейвейзер GGG-дің көлеңкесінде қалып қоямын деп қорқады - Дэн Эмброуз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Флойд кіші Мейвейзер ылғи Головкинді сынап отырады. Бұған дейін ол GGG-ге салмақ дәрежесін ауыстырып, Андре Уорд сияқты боксшылармен кездесуге кеңес берсе, соңғы кезде Геннадий Головкиннің бокстасу стилін сынап, алдағы айқаста Альварестің жеңетініне сенімді екенін айтып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мейвейзер GGG-дің көлеңкесінде қалып қоямын деп қорқады - Дэн Эмброуз

Boxingnews24.com Дэн Эмброуздың айтуынша, Мейвейзер мексикалық боксшы Альварес үшін алаңдап отырған жоқ. Ол алдымен өз атақ-абыройын ойлап отыр. "Шыны керек, Головкин Альваресті жеңсе, Мейвейзердің жағдайы қиындайды. Себебі Эрисланди Лараны (бұл жекпе жекте көбісі Лара ұтты деп санайды - авт.) былай қойғанда, "Канелоны" жеңген - жалғыз Мейвейзер ғана. Егер Головкин Альваресті ұтса, онда танымал боксшы "Альваресті жалғыз мен ғана жеңдім" деген атағынан айырылады. Флойд бұны жақсы біледі. Содан болар, "Мани" Альварестің жеңісінен қатты үміттеніп отыр. Былайша айтқанда, бұл жеңісті қалайды, бірақ шын мәнінде оған сеніп отырған жоқ",- деп жазды Эмброуз.

Америкалық бапкер Роберт Гарсия да журналистің пікіріне қосылып отыр. "Бүгінде барлық жанкүйерлер Мейвейзер қайта оралса, оның Головкинмен жұдырықтасқанын қалайды. Кезінде ол "Канелоны" оңай жеңген. Енді, Альварес GGG-ді жеңсе, Флойд Головкинді де оңай жеңемін деп шыға келеді. Себебі кезінде Альваресті еш қиындықсыз жеңген. Сол себепті ол мексикалық боксшының жеңгенін қалайды. Флойд өзін ғана ойлап отыр", - дейді Гарсия.