Мэйвезер- Макгрегор бәсекесі ақша табу үшін жасалған

Альберт Алдияров Азия чемпионатында 77 келі салмақ бойынша неваза-систем бөлімінде қола медаль иеленген болатын.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2014 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, джиу-джитсудан екінші дан иегерінің айтуынша, екі түрлі спорт саласының арасындағы жекпе-жектер тек ақша табу үшін ұйымдастырылады.
«Бұл жай ғана шоу. UFC чемпионы бола тұрып мен басқа спорт ережелері бойынша жұдырықтаспас едім. Бұл жерде тек Флойдтың атының арқасында көп ақша табу мақсаты ғана айқын. Флойдтың жеңісі де басынан белгілі болды. Макгрегор тек фантастикалық кинода ғана жеңетін еді», - деді Альберт Алдияров.
Джиу-джитсу спортына келсек, мұнда басқа күрес түрлерімен ұқсастық көп дейді спортшы.
Оның ойынша, осындай ұқсастықтар бола тұра басқа күрес өкілдерімен боз кілемге шығу дұрыс шешім емес.
Спортшының айтуынша, джиу-джитсу ең қауіпсіз спорт түріне жатады.
«Егер жұдырықтасуға жататын спорт түрлерімен салыстырса, күрес гуманды спорт түрі. Бокста спортшы соққыны қабылдап екі аяғында тік тұра алмайды. Ол жауап беруге тырысады. Басында соққының күшін қадағалай алмайды. Джиу-джитсу мен ММА арасындада ұқсастық көп. Қол, аяқтан ұру, партерде айқасу. Невазада тек қана күрес болады»,- деді Альберт Алдияров.
Альберт Алдияров спортқа 6 жасында келген. Алғашында тай боксы, дзюдода бағын сынаған. 22 жасында джиу-джитсуға ауысқан.
Джиу-джитсу спортымен жас кезінде айналыса бастаған дұрыс дейді маман.
«Себебі осы жастан бастап спортқа келген балалардың жетістікке жету мүмкіндігі жоғары. Жас кезімде ұру бөлімінде көбірек шығатынмын. Қазір жасым келген соң невазада белдескенді көбірек қалаймын»,- деді Альберт Алдияров.
Джиу-джитсу спорты Қазақстанда жаңадан танымал болып келеді. Аталған спортқа балаларын беруге ынталы ата-аналардың саны көбеюде.
Алайда, ол әлі Олимпиялық спорт түріне жатпайды.
Өйткені Олимпиялық күресте көптеген әдістерге тыйым салынған.
Барлық қазақстандықтар сияқты Альберт те Головкин- Канело жекпе-жегін асыға күтіп жүр. Ол отандасымыздың жеңетініне сенімді. Алайда, ұпаймен бе, әлде нокаутпен бе ол жағына болжам жасамады.
Айта кету керек, Мейвезер-Макгрегор жекпе-жегінде американдық боксшы 10 раундта жеңіске жеткен болатын .