«Мезет немесе жәй ғана өмір» атты жаңа көркем фильм жарыққа шықты (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда «Мезет или просто жизнь» атты жаңа көркем фильмнің тұсаукесері өтті. Фильм 4 ақпаннан бастап прокатқа шығады.
Қазақстандық толық метражды фильмнің режиссері Ақжол Әбіловтің айтуынша, картинаның идеясы сценарист Ардақ Қарықболовамен бірлескен авторлықта жасалған. Кинотаспаны құру тарихы келешек режиссер - Қазақ ұлттық өнер университеті студентінің курстық жұмыс үшін тақырып іздеуінен өрбігендіктен, бастапқыда фильм қысқа метражды туынды ретінде ойластырылған екен. Алайда оқиға соңы сюжеттермен, кейіпкерлермен толықтырыла келе, сценарий шынайы өмір жағдайларына негізделген толыққанды фильмге айналған.
Анығырақ тоқталсақ, мазмұны өте қарапайым фильм өзінің шынайылығымен әрі нақтылығымен көрерменді баурап алмақ. Фильмнің басында көрермендерге картинаның басты кейіпкері - Асқар есімді бойдақ әрі іскер азамат таныстырылады. Ол достықты бағаламайтын, махаббаттың не екендігін түсінбейтін және айналадағы адамдарды сыйламайтын жігіт. Күндердің бір күнінде Асқар кенет есін жоғалтады. Одан кейін үнемі ауруханада жату, медициналық тексерістерден өту оны тіптен абыржытып жібереді. Дәрігерлер оған ота да қауқарсыз үдемелі ми ісігі диагнозын қояды. Бір ай ғана өмірі қалғанын естіген Асқар терең күйзеліске түседі...
Сөйтіп, ішімдікке салынып жүріп, ол бір күні тағдырдың тәлкегімен әлдебір ауылға тап болады. Міне, осы елді мекенде Асқар ерекше бір оқиғаға кезігеді. Соның арқасында Асқар мүлдем өзгереді, қарым-қатынасты, өмірді және махаббатты бағалай бастайды. Фильмнің ақыры одан да қызықты, оған көрермендер өздері тамашалағанда куә болады. «Мезет или просто жизнь» фильмінің көрсетілімі 4 ақпанда басталады деп көзделуде.
Фильмдегі басты рольді танымал отандық актер - Нұржан Садыбеков ойнайды. Сонымен қатар, фильмде басқа да кино жұлдыздары Нұржан Тұтов, Гүлбахрам Байбосынова, Алмат Сақатов, Ерден Телемісов, Азат Сейтметов көрермендерін қуантпақ.