Microsoft 60 мыңға жуық қызметкеріне жұмыстан өз еркімен кетуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық технологиялық алпауыт Microsoft әлем бойынша қызметкерлеріне өтемақы төленетін ерікті жұмыстан кету бағдарламасын ұсынады. Бұл туралы дүйсенбі күні компанияның кадр мәселелеріне жауапты директоры мәлімдеді, деп жазады Еuronews.

Microsoft unveils new AI safety rules for US schools
Фото: Unsplash

Қызметкерлерге жіберілген ішкі хатта Эми Коулман Voluntary Exit Offer бағдарламасын компаниядағы өзгерістерге деген көзқарасты жаңартудың маңызды бөлігі деп атады. Оның айтуынша, бұл бастама қызметкерлерге көбірек еркіндік беріп, кәсіби жолын әрі қарай қалай жалғастыратынын өздері шешуіне мүмкіндік береді.

Бағдарлама АҚШ, Канада, Үндістан және Ұлыбританиядағы кейбір бөлімшелердің 70-деңгейдегі және одан төмен деңгейдегі қызметкерлеріне қолжетімді болады. Олардың арасында кейбір басшылар да бар.

— Бұл — белгілі бір уақыт аралығында ғана қолжетімді ерікті бағдарлама. Ол талаптарға сай келетін қызметкерлерге қаржылай қолдау алып, мансабын жоспарлауға қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген күйде Microsoft компаниясынан кетуге мүмкіндік береді, — делінген хатта.

Бағдарламаға қатысуға құқығы бар қызметкерлер алдағы сағаттарда электрондық пошталарына ұсыныс сілтемесі бар хат алады.

Жалпы, бағдарламаға 60 мыңға жуық адам қатыса алады.

Биыл шілдеде Microsoft бизнес бағытын қайта қарау және шығындарды азайту мақсатында шамамен 4 800 жұмыс орнын қысқартатынын жариялаған еді. Бұл сол кездегі компанияның әлемдік жұмыс күшінің шамамен 2,1 пайызы болатын. Қысқарту негізінен коммерциялық бөлім мен Xbox ойын бизнесіне әсер етті. Компания бұл қадамды жасанды интеллектінің рөлі артып келе жатқан кезеңде қабылдады.

Биыл Microsoft қызметкерлерінің бір бөлігіне зейнетке мерзімінен бұрын шығу мүмкіндігін де ұсынған.

Компанияның мәліметінше, мерзімінен бұрын зейнетке шығу бағдарламасына қатысуға құқығы болған қызметкерлердің 30 пайыздан астамы ұсынысты қабылдаған. Корпорация осындай тәсілдерді алдағы уақытта да қарастыратынын мәлімдеді.

Бұған дейін Microsoft компаниясы күрделі ауруларды диагностикалауға арналған жасанды интеллект жүйесін таныстырды. Сынақ барысында жүйе медициналық күрделі жағдайларды 83% дәлдікпен анықтаған.