Microsoft компаниясы жасыл карта бағдарламасынан шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Трамп әкімшілігі H-1B визасымен АҚШ-қа келіп, жұмыс істейтін жұмысшыларға арналған жасыл карта бағдарламасына Microsoft компаниясының қатысуын тоқтатты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап.
АҚШ вице-президенті Дж.Д. Вэнс Microsoft компаниясын өз мүмкіндіктерін теріс пайдаланды деп айыптап отыр. Оның пікірінше, компания жалдаған шетелдік жұмысшылар түптің түбінде америкалықтарды еңбек нарығынан ығыстырады.
Вэнс және әкімшіліктің басқа да жоғары лауазымды шенеуніктері университеттерді ақпараттық технологиялар саласында оқитын халықаралық студенттерге J-1 визаларын бергені үшін сынның астына алды.
Вэнс компаниялардан америкалық жұмысшы тапшы деп шетелдік жұмысшыға жасыл карта алу үшін Еңбек министрлігіне өтініш бермес бұрын бос жұмыс орындары туралы хабарландыру жариялауды талап етеді.
Вэнстің айтуынша, Microsoft былтыр 6000 америкалықты жұмыстан шығарып, 6300 H-1B визасы мен 3000-ға жуық жасыл карта алған.
Өз кезегінде штаб-пәтері Вашингтон штатының Редмонд қаласында орналасқан Microsoft компаниясы «АҚШ-тағы Microsoft қызметкерлерінің басым көпшілігі америкалықтар» деп мәлімдеді. Сонымен қатар, компания өткен қаржы жылында берген 6000 H-1B визасына өтініштің 80%-ы жаңа жұмысшы жалдаумен емес, Microsoft жұмыскерлерінің мәртебесінің ұзаруы немесе өзгертуіне байланысты екенін айтып ақталды.
Вэнс сонымен қатар Гарвард, Йель, Стэнфорд, Браун, Питтсбург, Калифорния университеттері, Калифорния технологиялық институты және Массачусетс технологиялық институты сияқты университеттерді сынады.
Вэнстің мәлімдемесі Дональд Трамп Microsoft компаниясының бас директоры Сатья Наделлаға Ұлттық технология және инновация медалін тапсырардан бірнеше сағат бұрын жасалды. «Ғылым: Жаңа алтын ғасыр» саммитінде иммигранттардың американдық инновацияға айтарлықтай үлес қосатыны айтылған болатын.