Microsoft сервистеріндегі ақау мыңдаған қолданушыны электронды поштасыз қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM – Microsoft компаниясының бірқатар сервисінде, соның ішінде Outlook, Teams және Copilot платформаларында ірі ақау тіркелді. Соның салдарынан әлемнің әртүрлі аймағындағы мыңдаған қолданушы қызметтерге қол жеткізе алмай, электронды хаттарды жіберу мен қабылдауда қиындықтарға тап болды. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Бейсенбі күні болған ақау әсіресе Америка елдерінде қатты байқалған. Downdetector сервисінің мәліметінше, АҚШ-тың шығыс жағалауында жергілікті уақыт бойынша сағат 13:30 шамасында Outlook жұмысына қатысты шағымдар саны 120 мыңнан асып, кейін 130 мыңнан көбейген. Қолданушылар пошта жәшігіне кіре алмай, хаттарды жіберу және қабылдау кезінде іркілістер болғанын хабарлаған.
Microsoft 365 қызметіндегі ақауға 46 мыңнан астам адам шағымданған. Ал компанияның жұмыс барысында кеңінен қолданылатын Teams платформасына шамамен 3 мың қолданушы кіре алмаған. Бұдан бөлек, жасанды интеллект негізіндегі Copilot көмекшісінде де іркілістер тіркелген.
Ақаудың себебі
Microsoft компаниясы ақаудың шығу себебін анықтау жұмыстарын бастағанын растады. Әлеуметтік желідегі алғашқы хабарламасында компания Америка елдеріндегі қолданушылар Exchange Online пошта жәшіктеріне әртүрлі қосылу тәсілдері арқылы кіре алмай жатқанын жеткізген.
Кейінгі хабарламада ақауға инфрақұрылымның кейбір бөліктеріне әдеттегіден жоғары жүктеме түсуі себеп болуы мүмкін екені айтылды. Бұл қосылым қателеріне әкелген.
Мәселенің салдарын азайту үшін Microsoft инфрақұрылымдық тораптар арасындағы трафикті қайта бөлуді жоспарлап отыр. Бұл жүктемені теңестіріп, сервистердің жұмысын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Teams жұмысы Солтүстік Америкада қалпына келтірілді
Microsoft мәліметінше, Teams платформасындағы ақау да күннің басында байқалған. Компания Солтүстік Америкада сервистің жұмысын қалпына келтіргенін хабарлады. Дегенмен кейбір қолданушылар әлі де қосылу қиындықтарына тап болған.
Компания ақаудың нақты себептері мен одан зардап шеккен қолданушылардың жалпы саны туралы әзірге толық ақпарат берген жоқ. Сонымен қатар Downdetector жинаған шағымдар саны ақауға тап болған адамдардың нақты санын көрсетпеуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін бүкіл әлемде ChatGPT және басқа да сервистердің жұмысы істен шыққанын жазған едік.