Microsoft-тің негізін салушы Тынық мұхитындағы аралын сатады

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - Microsoft корпорациясының негізін салушылардың бірі Пол Аллен Тынық мұхитындағы аралын сатуға қойды. Businessinsider порталы хабарлағандай, нысан 13,5 млн долларға бағалануда.

Microsoft-тің негізін салушы Тынық мұхитындағы аралын сатады

Көлемі 118-ге жуық гектарды құрайтын арал Вашингтон штатының жағалауына жақын маңдағы АҚШ-тың солтүстік-батысында орналасқан. Аралға теңізбен де, әуе жолымен де жетуге болады. Сонымен бірге онда бақылаушының бөрене үйiнен басқа құрылыс жүргізілмеген.

Порталдың дерегіне қарағанда, Аллен аралды 1992 жылы сатып алған. Бұған дейін де ол бұл жылжымайтын мүлікті сатқысы келген. 2005 жылы бизнесмен аралды 25 млн. долларға сатуға шығарды, дегенмен сатып алушы табылмады.

Пол Аллен 1975 жылы Билл Гейтспен бірлесіп Microsoft компаниясын құрды. Денсаулығына байланысты 1983 жылы компаниядан кетеді. Сонымен бірге ол корпорацияның ірі пакет акцияларын сақтап қалып, әлемдегі ең бай адамдардың қатарына енген.