Миграция есебінен Астанада зейнетақы мен өтемақы алушылар саны артып барады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Урбанизацияның күрт белсенділігінің әсерінен Астанада зейнетақы мен өтемақы алушылар көбейіп жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталығының астаналық филиалының басшысы Олжабай Бейсенбаев мәлім етті.
«Бүгінде Астана xалқының саны 800 мыңнан асады. Азаматтар саны күрт көбейіп жатқандықтан, зейнетақы мен өтемақы алушылардың саны жоғарылауда. Соңғы жылдары зейнеткерлер саны 4863 адамға ұлғайды. Көріп отырғанымыздай, миграциялық ағынның күшеюінен зейнетақы мен өтемақы алушылар көбейген. Мәселен, 2011 жылы - 4166, 2012 жылы - 5281, 2013 жылы - 3696, 2014 жылы - 3318 зейнетақы мен өтемақы алушылар тіркелді», - деді ол «Жаңару» жемқорлыққа қарсы қозғалысының қоғамдық тыңдауында. Айта кету керек, 2015 жылдың 1 қазанындағы деректер бойынша, ЗТМО Астана қалалық филиалы 226 124 адамға зейнетақы мен өтемақы беріп келеді. Олардың 66 786 зейнетақы алушылар болса, қалғаны мемлекеттік өтемақы алушылар.