«Мигрант» жедел-сауықтыру шарасы қолға алынған 5 күннің ішінде 15 мың шетелдік әкімшілік жауапқа тартылды

АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мигрант» жедел-сауықтыру шарасы қолға алынған 5 күннің ішінде 15 мың шетелдік әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың 847-сі - алыс шет елдерден келгендер.

 «Мигрант» жедел-сауықтыру шарасы қолға алынған 5 күннің ішінде 15 мың шетелдік әкімшілік жауапқа тартылды

Бұл мәліметтермен журналистерді Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов апталық брифингте таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның  айтуынша, шара аясында 1 мың 92 шетелдік еліміздің аймағынан аластатылып, құжаттары жоқ 1 мың 567 азамат арнайы қабылдау орындарына орналастырылған. Сондай-ақ көші-қон заңдарын бұзғаны үшін 30 қылмыстық с қозғалып, шетелдік жұмыс күшін тарту және оларды пайдалану тәртібін бұзған еліміздің 394 азаматы тәртіптік жауапқа тартылған. «Бұл ретте айта кететін мәселе, операция барысында тек Астана мен Алматының өзінен 2 мың 718 көші-қон заңдарын бұзушылар анықталды. Ал жыл басынан бері көш-қон тәртібін бұзған 133 мың азамат әкімшілік жауапқа тартылды», деді департамент бастығы.

 Естеріңізге сала кетейік, «Мигрант» операциясын тәртіп сақшылары Ішкі істер министрінің арнайы бұйрығы негізінде елімізге келетін шетелдіктердің жүріп-тұру әрекеттерін қатаң бақылауға алу мақсатында ұйымдастырды. Аталмыш шараға

10 мыңнан астам тәртіп сақшылары мен құзырлы мемлекеттік орган өкілдері тартылып отыр.