Мигранттар керуені АҚШ-тың оңтүстік шекарасына қарай бет алды

АСТАНА. KAZINFORM — Үшінші әлем елдерінен, негізінен Гондурастан келген мигранттар керуені Мексиканың оңтүстігі арқылы АҚШ-тың оңтүстік шекарасына бара жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Zero Hedge басылымына сілтеме жасап. 

Караван из 1,5 тысячи мигрантов движется через Мексику в сторону США
Фото: x.com/OscarRamirezTJ

Өткен аптада АҚШ-та өткен аралық сайлауда демократтардың жеңіске жетуі мигранттар ағынымен тұспа-тұс келді. Олар солшыл көзқарастағы жаңа Конгресс елге заңсыз кіруге мүмкіндік береді деп үміттенеді.

Сондай-ақ заңсыз мигранттар Демократиялық партия өкілдері басқаратын «көк штаттардан» қолдау табамыз деп үміттенеді деген болжам бар.

Сәрсенбі күні АҚШ Шекара қызметінің басшысы Том Хоман демократтар мен Мексика билігіне қатаң ескерту жасады.

– Конгресс пен Техаста демократтардың ықпалы артуы мүмкін. Бірақ Ақ үй республикашылдардың, оның ішінде айқын республикашылдардың қолында. Президент Дональд Трамп АҚШ тарихындағы ең сенімді шекара қорғанысын қалыптастырды. Мигранттар керуені шекараға қанша жақындаса да, АҚШ-қа кіре алмайды. Олар кері қайтарылады немесе қылмыстық жауапқа тартылады. Депортация алдында түрмеге қамалып, жазасын өтейді. Біз шекараның бір қарыс жерін де бермейміз. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Ақ үйде шекарада қайтадан бейберекетсіздік орнауына жол бермейтін президент Трамп отыр. Мен де бұған жол бермеймін, – деді Том Хоман.

Хоман Мексика билігін АҚШ президенті Дональд Трамп сияқты батыл қадам жасап, елдің оңтүстік және солтүстік шекараларына әскер орналастыруға шақырды. Оның айтуынша, Мексика заңнамасы ел аумағы арқылы тиісті визасыз транзитпен өтуге тыйым салады. Сондықтан мигранттар бұл елдің заңын да бұзып отыр. Осыған орай Хоман Мексика билігін көші-қон ағынын бақылауды күшейтуге үндеді.

10 қарашада Fox News телеарнасына берген сұхбатында АҚШ ішкі қауіпсіздік министрі Маркуэйн Маллин елден заңсыз келген 3 600-ге жуық мигрант күн сайын депортацияланатынын мәлімдеді. Наурыздан тамызға дейін депортациялық рейстер саны 45 пайыз артқан. Ал қыркүйекте АҚШ Жоғарғы соты Трамп әкімшілігіне мигранттарды үшінші елдерге депортациялау саясатын жалғастыруға рұқсат берді. Осы шешімнен кейін Гватемала азаматтары Африкадағы Эсватини мен Гана сияқты елдерге жөнелтілді. Бұл туралы Х әлеуметтік желісінде жарияланды.

Бұған дейін АҚШ Либерияға алғашқы депортациясын жүзеге асырғанын хабарлаған болатынбыз.