Мигранттар мен босқындар адам саудасының оңай олжасына айналуда - сарапшы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Заңсыз көші-қон адам саудасының күшеюіне түрткі болды.
Бұл жайында Бакудегі ҚазАқпарат тілшісіне Әзербжайжанның Мемлекеттік көші-қон қызметі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы, «Хаят» гуманитарлық қолдау көрсету қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Азер Аллахверанов айтты.
Оның айтуынша, Ауғанстан босқындары Иранға бағыт алады. Ал бір бөлігі Әзербайжан арқылы Еуропаға жетуге тырысады. Соғыстан қажыған сириялықтар Түркияға ағылуда. Африка елдерінің босқындары Батыс Еуропаға жетуді көздейді. Мигранттарды діттеген жерлеріне жеткізумен кәсіби контрабандашылар айналысса, өзге қылмыстық топтар босқындарды адам саудасы үшін пайдаланады.
Мигранттарға жақсы өмір, жоғары жалақы уәде етіп, одан кейін құжаттарын тартып алады да, еркектерін жұмысқа, жас әйелдерін жыныстық құлдыққа салады. Балалар мен жасөспірімдерді қайыр тілеуге мәжбүрлейді.
«Көшу немесе тұрмыстық мәселелері үшін ақша ұсыну әлеуетті құрбанды тәуелді адамға айналдырады. Заңсыз келген мигрант адам саудасымен айналысатын топтардың негізгі нысаны саналады. Тіпті, ол елге заңды жолмен келсе де кездейсоқ жайттармен қылмыстық топтар қармағына түсіп қалуы мүмкін», - деді ол.
Аллахверановтың айтуынша, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірінен де адам саудасының құрбанына айналғандар жетеді.
«Ұлттық үкіметтер тарабынан адам саудасымен күрес саласында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясатты атүсті қарап, зерделеп көргеннің өзінде мұндай беталыс дамып келе жатыр деп айтуға болады», - деді сарапшы.
Оның сөзіне қарағанда, халықаралық қылмыстық топтар әлемнің түрлі өңіріндегі тұрақсыздықтарды өздерінің іс-әрекеттеріне тиімді пайдаланады.
«Сақталып отырған экономикалық дағдарыс, қарулы қақтығыстар және басқа да себептер адам саудасы проблемасының дамуына және оның өзге де пішімдерінің көрініс табуына жол ашады», - деді Аллахверанов.