Михаил Кукушкин Бахрейндегі турнирдің финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық, әлемнің 231-ракеткасы Михаил Кукушкин Манама (Бахрейн) челленджер турнирінің финалына шықты.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 129-ракеткасы, Чехия өкілі Якуб Меншикпен сынға түсті.
М.Кукушкин 6:3, 6:2 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті.
Ол 1 сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында 2 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Я.Меншик 3 эйс, 1 брейктен аса алмады.
Михаил Кукушкин финалда әлемнің 130-ракеткасы, франциялық Ришар Гаске немесе рейтингіде 160-сатыдағы босниялық Дамир Джумхурдың біреуімен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын атақты футболшының Рыбакинаның матчын тамашалағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Дубай додасының іріктеу сайысын сәтті бастады.