Михаил Кукушкин Қытайдағы турнирдің 1/8 финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 283-ракеткасы Михаил Кукушкин Унин (Қытай) челленджер турнирінің екінші айналымына жолдама алды.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы бастапқы кездесуін АТР рейтингісінде 398-орында тұрған қытайлық Цзе Цуймен өткізді.
Қарсыластар осыған дейін өзара бір рет ойнап, онда Кукушкин ұтқан еді.
Бұл жолы кездесу 13 сәуірде басталғанымен, екі рет кейінге қалдырылып, бүгін аяқталды.
М.Кукушкин камбэкпен жеңіске жетті – 4:6, 6:4, 6:1.
Екі сағат 17 минутқа созылған бәсекеде Кукушкин 5 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Цзе Цуй 4 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Михаил Кукушкин ширек финалға шығу үшін рейтингіде 531-сатыдағы аустралиялық Блэйк Эллиспен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан құрамасының әлемдік рейтингіде 7-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев Оңтүстік Кореядағы турнирде бастапқы қарсыласын камбэкпен жеңді.