Михаил Кукушкин Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Уимблдон турнирінің үшінші айналымында германиялық Ян-Леннард Штруффпен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық спортшы дүниежүзілік рейтингте 58-орында болса, қарсыласы 33-сатыда еді.

Бірінші партияда М.Кукушкин брейк жасап, сол басымдылығын сақтап қала алды - 6:3. Екінші сет тай-брейкке дейін жетіп, онда қазақстандық теннисші сәтті ойнады - 7:6 (7:5). Үшінші партияда есеп 1:1 болған мезетте германиялық спортшы брейк жасап, алға шықты - 2:1. Ақыры бұл сет оның еншісінде кетті - 6:4. Төртінші сетте Штруфф жетінші сетте брейк жасай алды - 4:3. Кукушкин де брейкпен жауап қайыра білді - 4:4. Есеп 6:5 болғанда, ол қос бірдей матчболды пайдалана алмады. Дегенмен үшінші матчболын құр жіберген жоқ - 7:5.

Тартысты бәсеке 3 сағат 20 минутқа созылды. М.Кукушкин ширек финалға шығу үшін әлемнің 7-інші, осы турнирдің 8-ракеткасы, жапониялық Кэй Нисикоримен таласады.

Әйелдер арасындағы жұптық сында қазақстандық Галина Воскобоева румыниялық Сорана Кырстямен бірге екінші айналымда франциялық Ализе Корне мен хорватиялық Петра Мартичпен кездесіп, 4:6, 3:6 есебімен жеңіліс тапты.

Галина Воскобоева украиналық Денис Молчановпен бірге аралас сында екінші айналымда турнирдің 1-ракеткасы болып тіркелген америкалық Николь Меличар мен бразилиялық Бруно Соареспен кездесті. Мұнда америкалық-бразилиялық жұп 7:6 (7:4), 3:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Уимблдон турнирінде Қазақстаннан М.Кукушкиннен басқа ешкім қалған жоқ. Ол спорттық жолында алғаш рет Уимблдонның төртінші айналымына шығып отыр. Бұл - әрине, үлкен табыс.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкин турнирдің 9-ракеткасын ұтқан болатын. Ал, Г.Воскобоева аралас сында да жарысты сәтті бастаған.

Соңғы жаңалықтар