Михаил Мишустин Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысын қорытындылады
Ресей Үкіметінің басшысы кейбір бағалаулар бойынша, 2020 жылмен салыстырғанда биыл ЕАЭО-да ауылшаруашылық өнімінің өндірісі доллармен есептегенде 20 пайызға артатынын айтты.
«Қазір мұндай тауарларға деген ішкі қажеттілікті толық қанағаттандырып отырмыз. Біз экспорт механизмін, оның ішінде «Еуразиялық агроэкспресс» жобасы аясында белсенді түрде дамыта аламыз және дамытуға тиіспіз. Аталған жобаның іске қосылғанына көп болған жоқ. Бір жылға жетпейді. Аз уақыт ішінде жеделдетілген теміржол тасымалының арқасында 500 мың тоннаға жуық жүк жеткізілді», - деді ол.
Оның айтуынша, жобаға жаңа елдерді қосу және Қытайға жеткізуге қойылған шектеулерді алып тастау мүмкіндігі қарастырылуда. Комиссия тиісті ұсыныстарды енгізді.
Спикердің сөзінше, бұл ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің экспорттық әлеуетін кеңейту мәселелерін шешуге айтарлықтай үлес қосады.
«Енді ортақ энергетикалық нарықтарды қалыптастыру ұстанымдарына келер болсақ, біз мұны еуразиялық интеграцияның дамуының негізгі элементі деп санаймыз. Әсіресе қазір, жаһандық турбуленттілік жағдайында көптеген елдер энергия ресурстарының тапшылығына тап болып отыр. Біз мүше мемлекеттердің ішкі қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, мүдделер тепе-теңдігі негізінде дос елдерге көмектесе аламыз», - деп қосты ол.
Сондай-ақ электр энергиясын жеткізу қызметіне қолжетімділік ережелері бекітілді. Бұл құжат Одақ аясында электр энергиясының саудасы кезінде қуаттарды мемлекетаралық тасымалдауға ортақ нарыққа қатысушылардың ұлттық кемсітусіз қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикасын цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Заманауи технологиялар, заманауи шешімдер бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашады, сыртқы экономикалық салада қажетсіз бюрократиядан аулақ болуға мүмкіндік береді.
«Еуразиялық бестіктегі әріптестермен кездесу жақсы өтті. Қабылданған барлық шешімдер, ең алдымен, экономиканың барлық салаларындағы практикалық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталуы тиіс екендігін бәрі жақсы түсінеді. Одаққа мүше әрбір мемлекет еуразиялық интеграцияны дамыту міндетіне жауапкершілікпен қарайды. Әріптестердің Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путин белгілеген басымдықтарды жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс істейтінін көріп отырмыз», - деп түйіндеді сөзін ол.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Михаил Мясникович бір жыл ішінде комиссия 57 халықаралық шарт пен актіні қабылдауы тиіс екенін атап өтті.
Олардың басым бөлігі Одақ интеграциясын дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыруды қамтамасыз етеді.
Михаил Мясникович дайындалып жатқан құжат бойынша конструктивті пікір алмасу болғанын тілге тиек етті.
«Әрине, сыртқы саудада қиындықтар бар, бірақ олар негізінен өзара сауданың өсуі есебінен өтеледі. Өсім 13,4 пайызды құрады», - деді ол.