Михаил Пелих: Волонтерлік - отбасымыздың дәстүрі
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – «Волонтерлік қанымызда бар. Бұл жақсы қассиетті өшірмей, ұрпақтан-ұрпаққа мирас ету». Атбасар ауданындағы «Целина» қоғамдық қорын ашқан волонтерлер әулеті Пелихтер отбасы осындай ұстанымда. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген осы бірлестік директорының орынбасары Михаил Пелих отбасылық волонтерлік қызмет жайында тарқатып айтып берді.
– Әңгімеміздің әлқисасын отбасылық волонтерліктен бастасақ, бүгінгі қоғам үшін ауадай қажет осы игі іспен айналысып жүргендеріңізге қанша уақыт болды?
– Біздің отбасымыздың волонтерлікпен айналысып жатқанына ширек ғасырдан асады. Волонтерлік біздің отбасымызда үш ұрпақ – әжеден бастап немереге жалғасып келеді. Алғашқы да анамыз, бүгінгі отбасымыздың әжесі жақсылық жасауды бастаған болатын. Ол кезде елімізде волонтерлік мемлекеттік деңгейде насихатталмаған, мұқтаж жанға көмектескен, қоғамдық жұмыстарға атсалысқан адамды еріктілер дейтін. Сол анамыздың тәрбиесін көріп өскен біздер волонтерлік жолды таңдадық. Негізгі мамандығымыз болғанымен ұдайы жақсылық жасағамыз келіп тұрады. Жақсылық жасау қанымызда бар. Бұл жақсы қассиетті өшірмей, ұрпақтан-ұрпаққа мирас ету. «Целина» қоғамдық қорын ашуымыз да осының бір айғағы іспеттес.
– «Целина» қоғамдық қорын аштық дедіңіз. Қазіргі таңда бұл қоғамдық қоры тарапынан қандай игі істер атқарылуда. Осыған нақтырақ тоқтала кетсеңіз?
– Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Осы күні елімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты қамқорлық жасалуда. Әсіресе, өз бетімен қозғалуы қиын ардагерлерге қыста жер үй ауласындағы қарды күреп, су тасу қиынның қиыны. Мұндайда жастар мен еріктілер үнемі көмектесуге әзір. «Целина» қоғамдық қорының басты жұмысы да осы – аудан аумағында біреудің көмегіне зәру тыл және ең ардагерлерінің үйіне барып, аулалары мен үй маңының қарын күреп, күл-қоқыстан тазартуда көмектесу.
Бүгінгі күні Атбасар ауданында да біреудің көмегіне мұқтаж ардагерлері бар. Сондай жандардың бірі – тыл ардагерлері ерлі-зайыпты Николай мен Люмила Руденконың отбасы. 95 және 88 жастағы қариялар кезінде тылда еңбек еткен. Екі ұл өсіріп, олар Ресейге қоныс аударған. Өздері қазіргі таңда Атбасарда тұрып жатыр. Өзім бастаған еріктілер – Данил Панченко мен Мақсат Пелюшко аталмыш қариялардың үйіне барып, аулалары мен үй маңайының қарын күреп, күл-қоқыстан тазартуға көмектестік.
Жыл сайын көктем айларында Атбасар қаласына Жабай өзенінен су тасқынының қауіпті төнеді. Сегіз жылдан бері көктемде өзенді суретке түсіріп, судың деңгейін бақылауға, су шайған аумақтардағы тұрғындарды эвакуациялауға көмектесеміз.
– Қоғамдық қорға мүше қанша волонтер бар?
– Ауданында 100-ге жуық ерікті тіркелген болса, осы күні оның 20-сы белсенді жұмыс істеуде. Олардың дені «Целина» қоғамдық қорына мүшесі. «Аға буынға қамқорлық жасау – жас ұрпақтың парызы. Біздегі еріктілер ардагерлерімізге қысқа отын дайындап, ауланы қардан тазартуды, дүкеннен керекті азық-түлік пен дәріханадан дәрі-дәрмегін алып келуді өздерінің міндеті санайды. Бұдан бөлек, аудан волонтерлері дүниежүзіне тараған коронавирус инфекциясының өңірде тарап кетпесі үшін қолға алынған санитарлық шараларына үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысының «Біз біргеміз» жобасы шеңберінде аудан тұрғындарына табиғатты аялап, қоршаған ортаны ластамай, тазалық сақтау қажеттігі жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалысып келеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.