Милад Карими Каирдегі Әлем кубогында финалға өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Гимнаст Милад Карими Каирде өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңінде екінші мәрте бірінші орынмен финалға шықты, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.

Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының өкілі Милад Карими Каирде (Мысыр) өтіп жатқан Әлем кубогының кезеңінде екінші финалға жолдама алды.
26 сәуірде екінші іріктеу кезеңі өтті.
Карими кермедегі жаттығуларда өнер көрсетіп, 14,066 ұпай жинады және тағы да бірінші орынмен финалға шықты. Бір күн бұрын ол еркін жаттығулардағы іріктеу кезеңінде де бірінші орын алған еді.
Алтынхан Темірбек тіреуішпен секіруден 13-орынға ие болып, финалға өте алмады.
Айта кетейік, ат снарядындағы жаттығуларында Нариман Құрбанов пен Зейнолла Ыдырысов та медаль үшін бақ сынайды. Финал 27-28 сәуір аралығында өтеді.
Бұған дейін қазақстандық Милад Карими Қатар астанасы Дохада спорттық гимнастикадан әлем кубогы кезеңінде екінші алтын медальға қол жеткізген еді.