Милад Карими спорттық гимнастикадан әлем кубогының жүлдегері атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Катар астанасы Доха қаласында спорттық гимнастикадан әлем кубогының кезеңі мәресіне жетті.
Бұл сында жасөспірімдер арасынан енді ғана шығып, ересектер арасындағы сайысына алғаш рет қатысқан Шымкент қаласының спортшысы Милад Карими күміс жүлдегер атанды. Милад өзінің сүйікті едендегі жаттығуы бойынша тұғырдан көрінді, деп хабарладыdodasport.kz.
17 жасар гимнастшының жетістігі Қазақстан құрамасының биылғы әлем кубогы кезеңдеріндегі алғашқы медалі болып табылады. Бұдан бұрынғы соңғы жетістік 2015 жылы Азизбек Кадритуллаевтың қола жүлдесі болатын.
Милад Каримидің әкесі ирандық. Өзі Қазақстанда дүниеге келіп, кішкентайынан ұлттық құрама қатарында сынға түсіп келеді. Осыған дейін бірнеше айтулы додаларда үздік атанған.