«Милан» бас жұлдызы Балотеллиден құтылудың амалын іздеуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Итальяндық «Милан» футбол клубының басшылығы шабуылшы Марио Балотеллиді сату жөнінде шешімге келді. Бұл туралы Corriere dello Sport хабарлады.

«Милан» бас жұлдызы Балотеллиден құтылудың амалын іздеуде

Дерек көзінің ақпаратынша, «россонери» бұл келісімнен 30 миллион еуроға жуық пайда таппақшы. Бұл қаражатты «Милан» құрамды күшейту үшін бағыттамақ.

Сонымен қатар, Балотеллимен қоштасу клубқа жалақы тұрғысынан үнемдеуге жол ашады. Ойыншының жалақысына «Милан» 11 миллион еуро жұмсайды. Шешімнің тағы бір себебі командадағы ішкі ахуалды жақсарту, өйткені бұл ойыншы әрдайым өсектің ортасында жүреді.

«Милан» өкілдері Балотеллиді сату мәселесін оның агенті Мино Райоламен талқылауда. 23 жастағы футболшыны өз командасына қосуға ниет танытқандардың бірі - «Монако». Осыған дейін БАҚ итальяндық футболшыға ағылшындық «Арсенал» мен «Ливерпуль» қызығушылық танытқанын жазған болатын.

Өткен маусымда итальяндық А сериясында Балотелли 30 матчқа қатысып, 14 гол соққан.