Миллиардтар бөлінді, СҚО жолдары шынымен жақсарды ма
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында автомобиль жолдарының 89% нормативке сәйкес келеді. Бұл туралы СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, былтыр өңірде 125 жоба іске асырылып, жалпы ұзындығы 640 шақырым жол жөнделген. Оның ішінде 540 шақырымы — облыстық және аудандық маңызы бар жолдар, ал 100 шақырымы — 51 елді мекеннің көшелері.
Жөндеу жұмыстары Сергеевка, Булаево және Мамлютка сияқты шағын қалаларды да қамтыды. Жұмыстарға 29,6 млрд теңге жұмсалды. Жобаларды жүзеге асыруға 42 мердігер және 19 техникалық бақылау ұйымы қатысты. Жыл соңында 66 жоба толық аяқталған.
Биыл жөндеу сапасына ерекше назар аударылады. Мердігерлердің жауапкершілігі күшейтіліп, кепілдік талаптары қатаңдатылады.
— Биыл жолдарды жөндеуге 20 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 300 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелері жөнделмек, — деді Ерден Шортыбаев.
Қазіргі уақытта СҚО жолдарында автоматтандырылған өлшеу станциясы жұмыс істеп тұр. Биыл мұндай станциялар Есіл ауданындағы Покровка, Мальцево, Аққайың ауданындағы Смирново және Айыртау ауданындағы Шалқар маңында орнатылады. Бұл — жол сапасын сақтауға бағытталған шара.
Өткен жылы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалы 156 тексеріс жүргізіп, 913 сынама алды. Нәтижесінде 16 мың шаршы метр жол қайта төселді. Сонымен қатар 104 шақырым жол тексеріліп, мәліметтер eJoldar цифрлық жүйесіне енгізілді. Биыл бұл жұмыстар жалғаспақ.
Бұған дейін Қазақстанда автожолдар саласындағы нормативті-техникалық құжаттар жаңартылып жатқанын жазған едік.