Миллион кімге бұйырады: Коммерциялық емес ұйымдарға грант беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ӘREKET» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында табысты жұмыс істеген бір коммерциялық емес ұйымға қосымша 1 млн теңге беріледі. Бұл жайында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның сегіз өңірінде коммерциялық емес ұйымдарды қолдауға бағытталған «ӘREKET» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жобасы басталған болатын. Жобаға қатысу үшін үміткерлер «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми сайтында www.sk-trust.kz орналасқан онлайн өтінімді 2018 жылдың 12 шілдесіне дейін толтыру қажет. Сауалнамаларды қарап, іріктегеннен кейін үміткерлер облыс орталықтарында өтетін оқу курстарына шақырылады. Тәжірибелі тренерлер 5 күн бойын қатысушыларды әлеуметтік бизнес негіздеріне, қаржы менеджменті, маркетинг, кәсіпкерлікті жүргізудің құқықтық аспектілеріне оқытады. Тренинг нәтижесінде үміткерлерге әлеуметтік кәсіпкерлік негіздері бойынша курсқа қатысқандығын растайтын сертификаттар табысталады», - делінген қор таратқан мәліметте.

Сонымен қатар «ӘREKET» жобасының аясында қазақстандық коммерциялық емес ұйым өкілдері бизнес-оқытудан өтіп, өз кәсібін дамыту үшін 500 000 теңге көлемінде грант ұтып ала алады. Ал грант тағайындалып, өз бизнесін бастағаннан кейін 9 айдың ішінде жұмысын неғұрлым сәтті көрсете білген бір коммерциялық емес ұйым қосымша 1 миллион теңге алады. Жоба ережесіне сай грант қызметі әлеуметтік қызмет көрсетуге немесе халықтың әлеуметтік осал топтарына жұмыс орындарын құруға бағытталған КЕҰ ғана беріледі.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты - ел өңірлерінде әлеуметтік кәсіпкерлік мәдениетін дамытуды ынталандыру.

Тренинг соңында үміткерлерді ең қызықты нәрсе күтеді - олар өздерінің бизнес-жобаларын қорғайды. Олардың ішіндегі ең үздік деп танылған жоба әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін 500 000 теңге көлемінде қаржыландыру алады. Бұдан бөлек, тоғыз айдың ішінде грант алушыларға жоба әкімшілері қолдау жасайды. Олар қаражаттың мақсатты пайдаланылып, бизнес-жобаның тиімділігін қадағалау мақсатында қолдау көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар