«Миллиондаған қаржы құйылған мешіт құрылысы қашан бітеді?» - республикалық басылымдарға шолу

***
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпуспен кездесті және дипломаттар алдында сөз сөйледі. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Сыртқы саясатымыз қашанда салиқалы» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, тәуелсіздіктің 20 жылында еліміз жеткен жетістіктерге кеңінен тоқталған Елбасы әлемдік ахуалға да шолу жасай келе: «Әлемдік валюта жүйесінің қандай қиындықта екендігі бәрімізге белгілі. Алдағы болуы ықтимал дағдарыс бұдан екі жыл бұрынғы жаһандық дағдарыстан да қауіпті. Бірақ экономикалық қауіпсіздік мәселелері бұрынғысынша ЕҚЫҰ басымдықтарынан тыс қалып отыр. ЕҚЫҰ-ның әскери өлшемдері де суынып барады. «Корфу үдерісі» де тұйыққа тірелді. Қазақстан және басқа қатысушы елдердің Ұйым аясында қауіпсіздік себетін кеңейту туралы ұсынысы да әзірге жүзеге аспай тұр. Менің осы ұстанымымды және алаңдаушылығымды өз үкіметтеріңізге және халықаралық ұйымдарға дейін жеткізеді деп үміттенемін», - деді.
Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов бастаған жұмыс тобы Қарағанды облысында болып, Елбасының биылғы Жолдауының орындалу барысымен танысу және тұрғындарға түсіндіру мақсатында еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.Топ мүшелері Қарағанды, Теміртау қалаларында былтыр бой көтерген әлеуметтік-спорттық нысандарды, мектептер мен балалар бақшаларын аралап көрумен бірге, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырып жатқан кәсіпорындардың еңбек тынысымен танысты. Бұл жайында толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Жауапкершілік жүгі жоғары» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.
***
«Алаш айнасы» газетінде «Миллиондаған қаржы құйылған мешіт құрылысы қашан бітеді?» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, бұл сауал көкшетаулықтардың көкейін толғандырып жүргеніне біршама уақыт өткен. Өйткені бірнеше жылдың жүзі болса да ақмолалық мұсылмандар үшін ақ түйенің қарны жарылар емес. Түбі бесік қорға қанша қаражат құйып, тіпті жұрттан жылу жинап, шетелдік инвесторларға дейін алақан жайсақ та, Алланың жердегі үйінің аяқталар түрі жоқ. Дәл қазір құрылыс қарқын алуға тиіс болғанымен, әзірше мешіт басында мүлгіген тыныштық. Себеп тек біреу: Мешіт құрылысына бөлінген қаржат қоры таусылған. Толығырақ - басылымның бүгінгі санында.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында техника ғылымдарының докторы, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ профессоры, Ұлттық инженерлік академияның академигі Жүзбай Қасымбековпен арадағы сұхбат «Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізумен айналысатын менеджерлерді көбейту керек» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым: «Жұрттың бәрі, оның ішінде өзім де бармын, гранттық байқауларға қатысуға құмармыз, сол үшін таласамыз. Өйткені ол қайтарымы жоқ тегін ақша іспетті. Ал озық елдердің көбінде олай емес қой. Егер тапсырмада көрсетілген нәтиже алынбаса, онда олар тиісті сомада айыппұл төлейді немесе алған ақшаны үстеме пайызбен қайтарады. Ондай жағдайда, байқауға тек өзіне-өзі сенгендер ғана қатысады, табиғи іріктеу орын алады", - дейді.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Оңтүстікке табан тіреген ол су тасқыны қаупі төнуіне байланысты апат ауқымын бағалау, су басқан ауылдардың тұрғындарымен кездесу, шұғыл әрекет ету қызметтерінің іс-қимылдарына жетекшілік ету сынды жұмыстарға басшылық жасамақ. «Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметтері бойынша 969 аула, оның ішінде 428 тұрғын үй су астында қалған. Қайғылы оқиғалардан қашу үшін 418 отбасы қауіпсіз аумаққа көшірілген. Жалпы шамамен 2,5 мың адам баспаналарын тастап шықты», - деп жазады басылым.