Миллионнан астам мұсылман Сауд Арабиясына қажылыққа жиналды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Миллиондаған мұсылман халқы Сауд Арабиясына - Меккедегі жыл сайынғы қажылыққа жиналуда. Биылғы қажылыққа 1,5 миллионнан астам адам қатысады деп күтілуде, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.
Тілшілер қауіпсіздік шараларының күшейтілгенін хабарлауда. Мұсылмандардың басты мешіті болып саналатын Меккедегі Масджид әл-Харам мешітінің айналасында 2 шақырым көлік қозғалысына тыйым салынған. Тәу етушілер жолына өткізу бекеттері орнатылған.
Өткен жылғы қажылықта туындаған кептелістен Мина даласында 2 мыңнан астам адам көз жұмды. Олардың көпшілігі Иран азаматтары болған.
Тегеран Сауд Арабиясы билігін қажылықты нашар ұйымдастырды деп кінәлаған еді. Биыл Иран билігі өз азаматтарына қажылыққа баруға тыйым салды.
Ең алдымен Меккеде діни рәсімдер өтеді, одан кейін қажылық етушілер Меккеден 5 шақырым жерде орналасқан Мина даласына аттанады. Сол жақтан қажылықтың негізгі ғұрпы атқарылатын Арафат тауына барады. Ғибадат етушілер Мұхаммед пайғамбардың жолымен жүріп өтеді. Көпшілігі 25 шақырым қашықтықты жаяу жүріп өтеді.
Өткен жылы түрлі бағытқа бет алған тәу етушілер топтары Джамарат көпірінде кептелісіп, Минадағы адамдар қыспағы орын алған еді.
Жаңа қажылық қарсаңында Минадағы жолдар кеңейтілді. Одан бөлек, саудиялық билік қажылық етуші жандарға арнайы электронды білезік таратады. Ондағы жеке ақпарат көз жұмған немесе жараланған адамды тануға көмектеседі.