Мыңдаған адам Лондонда король III Чарльздің туған күніне арналған шеруге жиналды

АСТАНА. KAZINFORM – Лондонда мыңдаған адам король III Чарльздің туған күніне арналған дәстүрлі Trooping the Colour әскери шеруін тамашалау үшін жиналды. Сонымен қатар монархияға қарсы белсенділер Эндрю Маунтбаттен-Виндзордің суреттері бейнеленген плакаттар көтеріп шықты, деп хабарлайды Euronews.

Мыңдаған адам Лондонда король III Чарльздің туған күніне арналған шеруге жиналды
Фото: raf.mod.uk

Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен келген мыңдаған адам сенбі күні Лондонда корольдің ресми туған күніне арналған «Туды алып шығу» (Trooping the Colour) салтанатын тамашалады.

Монархтың қасында жұбайы, патшайым Камилла еріп жүрді. Олар атқа жегілген күймемен жүріп өтіп, жиналған халыққа сәлем берді.

Одан кейін корольдік отбасы Букингем сарайының балконына шығып, әскери авиацияның шеруін тамашалады. Төрт жойғыш ұшақ сарай үстінен ұшып өтіп, аспанда британ тәжінің құрметіне қызыл, көк және ақ түсті із қалдырды.

Мыңдаған адам Лондонда король III Чарльздің туған күніне арналған шеруге жиналды
Фото: raf.mod.uk

Ал ханзада Гарри мен оның жұбайы Меган Маркл салтанатқа қатысқан жоқ.

Мемлекеттік әнұран орындалып жатқан кезде Букингем сарайының алдында жиналған монархияға қарсы топ «Not my King» («Менің королім емес») деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды. Сондай-ақ олар корольдің інісі Эндрю Маунтбаттен-Виндзордың суреттерін көрсетті. Ол сексуалдық қылмыстар үшін сотталған Джеффри Эпстинмен арадағы араластығына байланысты корольдік титулдарынан айырылған еді.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы ІІІ Чарльздің туған күніне байланысты құттықтау хатын жолдады.

Ал мамыр айында ұлыбританиялық радио қателесіп король III Чарльздің қайтыс болғанын хабарлап жібергенін жаздық.