Қазақ моделі Шыңғыс Танатпаев: модельдік мансап, әлемдік контрактілер және әскердегі өмір

АСТАНА.KAZINFORM – Жеті жыл бойы сән әлемінде жүрген жас жігіт бүгінде Ұлттық ұлан сапында әскери борышын өтеп жүр. Жақында Шыңғыс Танатпаев жайлы ақпарат әлеуметтік желілерде жарыса жарияланған еді. Алайда оның көпшілік біле бермейтін қырлары жетерлік. Ол — каратэден бірнеше дүркін ел чемпионы, төрт тіл меңгерген полиглот. Осы тұста Kazinform тілшісі Шыңғыс Танатпаевпен сұхбаттасып, оның модельдік жолы мен табысы жайлы сұрап білді.

модель
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

Шыңғыс Танатпаев - Көкшетау қаласының тумасы, қазір Қарағандыдағы 5451 әскери бөлімінде қатардағы жауынгер. Әскерге келгеніне тоғыз айға жуықтаған ол жаңа міндетін абыроймен атқарып жүр.

Каратэ шыңдаған мінез, тіл кеңейткен көкжиек

Ал енді кейіпкердің оқиғасын басынан бастап тарқатайық. Шыңғыс сегіз жасынан бастап каратэнің "киокушинкай" атты түрімен айналысады. Тоғыз жыл бойы шығыс жекпе-жек өнерін меңгеріп, спорт пен оқуын қатар алып жүрген.

Осы уақыт ішінде түрлі жарыстарға қатысып, ел намысын қорғаған. Еңбегі еленіп, спорт шеберлігіне кандидат атанған. Сондай-ақ Қазақстанның екі дүркін чемпионы болған.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

- Каратэмен он жеті жасқа дейін айналыстым. Ел ішінде де, халықаралық жарыстарда да топ жардым. Киокушинкай — каратэнің ең қиын әрі ерекше түрлерінің бірі. Жекпе-жек қорғанышсыз өтіп, кейде спортшылар нокаутқа түсіп қалып жатады. Бұл спорт менің мінезімді шыңдап, денемді шынықтырды. Ең бастысы, нағыз ер мінезді болуға тәрбиеледі. Әрі қарай да жалғастырғым келген, бірақ өмір өз жоспарын ұсынды, - дейді ол.

Ол 17 жасында шығыс жекпе-жегімен қоштасып, оқуына ден қояды. Мектепті үздік тәмамдаған жас жігіт арман қуып, елордаға келеді. Мұнда гид-аудармашы мамандығы бойынша колледжге түседі.

Студенттік шағында қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген ол бүгінде төрт тілде еркін сөйлейді.

- Тілдерді үйренуім өмірімде көп нәрсеге жол ашты. Меніңше, адамда ниет пен табандылық болса, қандай тілді болса да үйренуге болады. Ең бастысы — қателесуден қорықпау және күн сайын аз да болса тұрақты түрде уақыт бөліп отыру, - деді Шыңғыс Танатпаев.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

Бір ұсыныстан басталған жаңа өмір

Сыр-сымбаты мен білімін қатар алып жүрген ол модельдік жолын да Астанада бастаған. Қызығы, бұл салаға оны алдын ала құрған жоспары емес, кездейсоқ жағдай алып келген.

- Барлығы Астана қаласында басталды. Оқуыма байланысты Көкшетаудан елордаға көшіп барған едім. Бір күні көшеде модельдік агенттікте жұмыс істейтін қыз мені кездейсоқ байқап, өз агенттігіне шақырды. Ұсынысын қабылдап, агенттікке бардым. Осылайша модельдік жолым басталып кетті, - дейді модель.

Осылайша ол аяқасты мүлде жаңа салаға қадам басады. Бойы мен келісті келбеті жас жігітті сән индустриясына жетелейді. Қызығы, модельдік мансабын енді бастағанына қарамастан, көп ұзамай халықаралық подиумдарға шақырту алады.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

- Модельдік агенттікте жұмыс істеп жүрген кезімде Pierre Cardin көрсетіліміне арналған кастингке қатыстым. Бұл жабық көрсетілім болатын. Жүздеген модельдің арасынан мені таңдады. Ол кезде небәрі 17 жаста едім, модельдік мансабымды енді бастап жатқан кезім. Бұл менің сән әлеміндегі алғашқы үлкен жетістігім, - дейді ол.

Францияның әйгілі Pierre Cardin сән үйінің коллекциясын таныстырған Шыңғыс осылайша шетелдегі алғашқы подиумына шығады. Оның айтуынша, сол кезде бір образының құны 10 мың долларға дейін жеткен. Ал бір галстуктің өзі 3 мың доллар тұрған. Бұл — оның модельдік жолында таныстырған ең қымбат киімдерінің бірі.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

Сән әлеміндегі шекарасыз жеті жыл

Сән әлемін сымбатымен бағындырған жас жігітке шетелдік сән үйлерінен көп ұсыныс түскен. Италияның Federico Barrazzo және Sauvage Multi брендтерінің коллекцияларын таныстырып, әлемнің түрлі елдерінде өткен көрсетілімдерге қатысқан.

- Әр жылдары түрлі жобаларға қатыстым. Түсірілімдерге, жарнамалық роликтерге, журналдар мен билбордтарға шықтым. Сондай-ақ сән көрсетілімдері мен фэшн-шоуларға да қатыстым. Coca-Cola, DeFacto, ASUS және Colgate секілді танымал брендтердің жарнамалық түсірілімдеріне түстім, - дейді ол. 

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

Ал 18 жасында Шыңғыс шетелдік модельдік агенттіктермен өз бетінше жұмыс істеуге бел буады. Осылайша Түркияға аттанып, бес жылын сонда өткізген. Сән көрсетілімдеріне қатыса жүріп, білімін де жалғастырған.

- Түркияда бірнеше модельдік агенттікпен жұмыс істедім. Бір келісімшартым аяқталғаннан кейін басқа агенттікпен жұмыс істеп жүрдім. Кейін өз клиенттерімді жинақтап, фрилансқа ауыстым.

Одан кейін кейіпкеріміз Таиланд пен Филиппиндегі танымал модельдік агенттіктерден де шақырту алған. Әр елде үш айдан алты айға дейін жұмыс істеген. Сол кезде тәуекелге барып, әр ұсынысты қабылдағанына қазір қуанады. Өйткені шетелдегі сол жылдар ол үшін мол тәжірибемен қатар, ұмытылмас естелікке айналған.

- Әр түсірілім өзінше есте қалады. Өйткені әрқайсысында жаңа команда, жаңа орта, жаңа локация болады. Әсіресе сән көрсетілімдерінде тәжірибесі мол, кәсіби модельдермен бірге жұмыс істейсің. Оларға қарап, көп нәрсе үйренесің, өзіңе қажетті тәжірибе жинайсың. Көрген-білгенің кейін өзіңмен жұмыс істеуге, кәсіби тұрғыда дамуға көмектеседі, - дейді ол.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

Бір түсірілімнен бірнеше мың доллар: сәнқой жігіт қанша табыс тапты?

Сәнқой жігіт жеті жыл ішінде отандық және шетелдік дизайнерлермен, модельдік агенттіктермен жұмыс істеген. Ұзақ сапар, түсірілімге дайындық, қатаң тәртіп пен өзін күту — оның күнделікті дағдысына айналған.

Осы тұста Шыңғыстан жеті жылдық модельдік жолында тапқан ең қомақты табысы туралы да сұрадық.

- Нақты қанша табыс тапқанымды айта алмаймын, себебі бұл — құпия ақпарат. Бірақ бір түсірілімнен бірнеше мың доллар алған кездерім болды. Ал модельдік агенттіктер гонорардан бөлек, ұшу билеті, тұратын жерім және тамақтану шығындарымды да өтейтін, - дейді Шыңғыс Танатпаев.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

Бұдан кейін ол әңгіме ауанын модельдік жолындағы қызықты оқиғаларға бұрды.

Оның айтуынша, модельдердің жұмысы сырт көзге оңай көрінеді. Әдемі киім киіп, көрермен алдында бірнеше минут жүру ғана сияқты. Алайда сол бірнеше минуттың артында үлкен дайындық пен еңбек жатыр.

Біріншіден, модельге қойылатын талап жоғары: бойы, дене бітімі мен жүріс-тұрысы маңызды. Екіншіден, подиумда нық жүріп өтіп, киімді жылдам ауыстырып, қайтадан сахнаға мінсіз шығу өзінше бір өнер.

- Айналаңда жүздеген адам болады. Бәрі саған қарап, суретке түсіріп, видеоға түсіріп жатады. Бір көрсетілімде бірнеше киіммен шығатын кездер де бар. Толқыған кезде киімдерді шатастырып немесе теріс киіп қойған сәттер болады. Уақыт аз, сол кезде бірнеше адам көмектеседі. Кейде дизайнерлер өте күрделі, футуристік киімдер дайындайды. Оларды қалай киіп, қалай шешу керегін түсінбей қалатын кездер де болады, - дейді ол.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

Сән әлемінен әскери сапқа

Елге оралған соң Шыңғыстың басты мақсаты — Отан алдындағы борышын өтеу болды. Бүгінде оның подиумдағы нық қадамы саптағы әскери жүріске ұласқан.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

- 2025 жылы Қазақстанға қайтып келдім. Көп ойланбастан, әскерге баруға шешім қабылдадым. Мұндағы тәртіп маған қиын болған жоқ. Таңғы сағат 6-да оянасың, дене шынықтыру жаттығуын жасайсың, таңғы ас ішесің. Барлығы белгіленген кесте бойынша өтеді. Модель болып жүрген кезімде де осындай тәртіпке үйренген едім, - дейді сарбаз.

Шыңғыстың айтуынша, әскери қызмет оған жауапкершілігін шыңдап, жаңа орта қалыптастыруға мүмкіндік берген.

- Маған әскердегі өмір өте ұнайды. Мұнда көптеген жақсы жігіттермен таныстым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген азаматтармен бірге қызмет етіп жүрміз. Бір жыл бойы бірге оянып, бірге ұйықтап, бірге жаттығамыз. Сондықтан әскердегі әр күнімнен керемет әсер алып жатырмын, - дейді ол.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

Бір қызығы, Шыңғыстың модельдік жолы мен каратэдегі жетістіктерін жанындағы сарбаздар білмеген. Бұл қырларын алғаш естігенде, олар таңғалған. Тіпті кейбірі әскери борышын өтеп болған соң, Шыңғыспен бірге модельдік саланы байқап көргісі келетінін де айтқан екен.

Мұнда бәрі тең, бір-бірімен жолдас. Әскери орта олардың жауапкершілігін арттырып, ер жігітке тән қасиеттерін шыңдап жатыр. Шыңғыстың айтуынша, уақыт созбай, 18 жаста әскерге барған жөн. Өйткені бұл жаста адам тәртіпке тез бейімделіп, мінезі қалыптасады.

- Бұл – ер адам үшін өте жақсы тәжірибе. Мұнда бір жыл қызмет ету адамды моральдық, физикалық және психологиялық тұрғыдан болашаққа дайындайды. Әсіресе 18-19 жасқа толған жігіттер әскерге баруды кейінге қалдырмай, ертерек барып келгені дұрыс деп ойлаймын, - дейді Шыңғыс Танатпаев.

Сән әлемін мойындатқан жігіт Ұлттық ұланда қызмет етіп жүр
Фото: Ұлттық ұлан

Шыңғыстың алдағы бағыты — Азия

Шыңғыстың алдағы жоспары да айқын. Ол сән әлеміндегі мансабын жалғастырып, бұл жолы Азия елдерінің дизайнерлерімен жұмыс істеуді қалайды.

- Әскерден кейін Астанаға қайтып келіп, Жаңа жылды қарсы алуды жоспарлап отырмын. Мерекеден кейін алдағы келісімшарттарымды жоспарлаймын. Алдымен Вьетнамға, одан кейін Малайзияға барғым келеді. Қазірдің өзінде сол елдердегі модельдік агенттіктерді іздеп, біртіндеп қарап жүрмін, - дейді модель.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

Ол әдетте шетелдік модельдік агенттіктермен бейнебайланыс арқылы келіссөз жүргізеді. Екі тараптың талаптары көңілінен шықса, келісімшарт жасалады.

Ал жоғары білімді актерлік бағытта алуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде әлі нақты шешім қабылдамапты. Сәнқой жігіт болашақта өз киім брендін қалыптастыруды да ойлайды.

- Біраз үзілістен кейін модельдік мансабыма қайта оралып, оны жаңа бағытта дамытқым келеді. Медиа аудиториямды көбейтіп, танымалдылығымды арттыру да жоспарда бар. Ал болашақта өз брендімді ашып, оны дамытқым келеді. Түркияда киім тігетін сапалы фабрикалар көп. Солармен келісіп, өз брендімді шығаруға мүмкіндік бар деп ойлаймын, - дейді ол.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

Шыңғыстың модельдік жолындағы басты қолдаушысы — анасы

Шыңғыстың отбасы да сән әлемінен алыс емес. Әпкесі Көкшетаудағы сұлулар байқауының жүлдегері атанған. Алғашында анасы қызын модель болуға бағыттағысы келген. Кейін ұлының бойынан да бұл қабілетті байқап, оның таңдауына қолдау көрсеткен.

Қазір Шыңғыс подиумға шыққанда, анасы әр жетістігіне қуанып, мақтанышпен қарап отырады.

- Модельдікке келуіме себеп болған адамдардың бірі — анам. Ол мені бала кезімнен үздік болуға, өз жолымды қалыптастыруға тәрбиеледі. Модельдікті байқап көру туралы шешімімді де қолдады. Бойым мен сыртқы келбетімнің бұл салаға сай келетінін айтты. Сөйтіп, модельдікпен айналыса бастадым. Анам осы уақытқа дейін мені қолдап келеді, мақтан тұтады, - дейді Шыңғыс Танатпаев.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

Қазақ қыздарының келбеті шетелдік подиумда сұранысқа ие

Сән әлемінің серісінен бұл жолы Қазақстан мен шетелдегі модельдік индустрияның айырмашылығы мен ерекшелігін сұрадық.

Оның айтуынша, 2017 жылдары Қазақстандағы модельдік индустрияның деңгейі қазіргіден әлдеқайда төмен болған.

- Ол кезде әлемдік аренада қазақстандық модельдер аз еді. Қазір жағдай өзгерді. Қазақстандық модельдерді шетелге шығарып, халықаралық деңгейде таныстыратын агенттіктер көбейді. Қазір шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандық модельдерді жиі кездестіремін. Әсіресе қыздарымыз көп, жігіттер аз, - дейді ол.

Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан
Фото: Шыңғыс Танатпаевтың жеке мұрағатынан

Шыңғыстың сөзінше, шетелде модель қазақ қыздарына сұраныс жоғары. Себебі олардың сырт келбеті ерекше әрі тартымды.

- Азияға тән келбетімен қатар, үлкен көздері мен айқын бет пішіндері бар. Мұндай ерекшеліктер модельдік индустрияда жоғары бағаланады. Қазақ қыздарының келбеті азиялық және еуропалық стильдің арасында үйлесімді көрінеді, - дейді Шыңғыс Танатпаев.

Отандық дизайнерлердің киімдері де шетелде бірден көзге түседі. Шыңғыстың айтуынша, дизайнерлер қолданатын ұлттық нақыштағы атрибуттар мен ою-өрнектер шетелдіктерге ерекше әрі эксклюзивті көрінеді.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық дизайнерлер Джей Лоның сахналық костюмдерін дайындағаны жайлы жазған едік.