Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мыңдаған мигрант, ондаған құрбан: Сеутадағы қазіргі ахуал қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Испанияның Мароккомен шекарасындағы Сеута анклавында жаппай миграциялық дағдарыстан кейін жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Бұған дейін өңірде тәртіпсіздіктер болып, ондаған адам қаза тауып, көптеген адам ұсталған еді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.

Мыңдаған мигрант, ондаған құрбан: Сеутадағы қазіргі ахуал қандай
Фото: Anadolu

Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мәлімдеді.

— Аумақты қоқыстан тазарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қоғамдық тәртіп пен көлік қозғалысы біртіндеп қалпына келтіріледі, — деді Hespress порталына «Баб-Себта» шекаралық өткізу бекетінің өкілдері.

Бейсенбіден жұмаға қараған түні мигранттар мен полиция арасында болған қақтығыстар кезінде өртенген көліктердің қалдықтары көшелерден шығарылып жатыр. Сонымен қатар Сеутадан шығарылған заңсыз мигранттарды Марокконың шекара маңындағы Фнидек қаласына жеткізетін шағын автобустар қайта қатынай бастады. Сеута мен Фнидек арасындағы автожолда екі бағыттағы көлік қозғалысы да қалыпты режимге көшті.

Соған қарамастан, шекаралық өткізу бекеті мен оған жақын аудандарда полицияның күшейтілген жасақтары кезекшілік атқарып жатыр. Олар бұған дейін Испанияның автономиялық қаласына заңсыз өткен адамдардың Марокко аумағына қайтарылуын бақылап отыр.

Марокконың қауіпсіздік қызметтеріндегі дереккөздің мәліметінше, кейінгі бірнеше күнде «Баб-Себта» бекеті мен Фнидек қаласы маңындағы қақтығыстар кезінде шамамен 70 адам ұсталған. Қазір олар арандатушылық әрекеттер мен жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар-жоғын анықтау үшін қамауда отыр.

Дереккөздің айтуынша, ұсталғандарға кісі өлтіруге оқталу, қасақана өрт қою, мемлекеттік және жеке меншік мүлікке зиян келтіру сияқты ауыр айыптар тағылған.

Еске салайық, бұған дейін Мароккодан Сеутаға өтпек болған 67 мигрант қаза тапқанын хабарлағанбыз.

Испанияның Сеута анклавына заңсыз өткен шамамен 50 мың мигранттың жартысынан көбі Мароккоға қайтарылды.

Соған қарамастан, заңсыз мигранттардың шағын топтары Фнидек жағалауындағы толқын бөгетін айналып өту немесе теңіз арқылы жүзіп өту арқылы Сеутаға жетуді жалғастырып жатыр. Ақпаратқа сәйкес, олар Марокконың қауіпсіздік күштері тарапынан айтарлықтай қарсылыққа тап болмай отыр.

Осыдан кейін Италия Испаниямен арадағы Шенген келісімінің қолданылуын уақытша тоқтатып, теңіз және әуе шекараларын жапты.

Сондай-ақ Испания мигранттар легіне байланысты Сеутаға әскер жібергенін де жазғанбыз.