Міндетті медициналық сақтандыру аясында дәрігерлердің көмегі тегін болады - Маджуга
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған соң, жүйе аясындағы дәрігердің көмегі тегін болады.
Бұл туралы бүгін Астана қаласының әкімдігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында «Ұлттық ғылыми медициналық холдинг» АҚ емханасының меңгерушісі Виктор Маджуга мәлім етті.
«Біздің болжам бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған соң, сақтандырудың жалпы шығынының пайызы жалпы ішкі өнімге шаққанда өседі, солайша, медициналық қызметтердің сапасы артады. Дәрігерлеріміздің біліктілігін арттырып, жаңа технологиялар енгізуге мүмкіндік туады»,-дейді В.Маджуга.
Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанына қарамастан, халық арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың не екенін білмей жатқандар бар. Дегенмен, В.Маджуга сендіргендей, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі іске қосылған соң, жүйе аясында дәрігерлер тегін көмек көрсетеді. Яғни, әрбір азаматтың сақтандыру полисі болады, жұмыс беруші жұмысшылары үшін, ал мемлекет әлеуметтік аз қамтылған топтар үшін жарна салады.
В.Маджуганың хабарлауынша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін жасаған кезде Қазақстан Германия, Франция, Ресей, Польша, Литва сияқты елдердің тәжірибесін зерделеген.