Міндетті медициналық сақтандыру төлемінен жалтарғандарға айыппұл салына ма
АСТАНА. ҚазАқпарат - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналарын уақытында төлемеген немесе төлеуден жалтарғандарға қандай шара қолданылады? "ҚазАқпарат" ХАА осындай сауалына Міндетті медициналық сақтандыру қоры жауап берді.
«Жарналар мен аударымдарды дер кезінде төлемегені үшін мемлекеттік кірістер органдары әр күн үшін ҚР Ұлттық банкі бекіткен қайта қаржыландыру ресми мөлшерлемесінің 1,25 есе көлемінде өсімақы бекітеді. Мәселен, МӘМС жарнасын төлеу 30 күнге кешіктірілсе, 150 мың теңге жалақы алатындардың өсімақысы 16,41 теңгені құрамақ», - деп жауап берді Міндетті медициналық сақтандыру қоры.
Қордың мәлімдеуінше, өндіріп алу жұмысы мемлекеттік кірістер органдарының борышкерге хабарлама жіберетін инкассалық өкімі арқылы жүргізіледі. Мемлекеттік кірістер органдары қалыптасқан қарыздар шегінде борышкердің банктік шотынан ақша өндіріп алуға құқылы.
«Жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна аударымын кешіктіргені үшін немесе толық төлемегені үшін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне (92-1 бап) сәйкес, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - деп атап өтті Қордың баспасөз қызметі.