Міндетті техникалық байқау ақысы әр орталықта әртүрлі болады -Б. Жантұров
Оны "Жетісу" техникалық-коммуникациялық кешені аймақаралық инспекциясы филиалының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Бауыржан Жантұров бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.
"Міндетті техникалық байқауды жүргізудің жаңа тәртібі Үкімет қаулысы бойынша бұл қызмет түрін бәсекелестік ортаға беру мақсатында жасалып отыр. Бұл әлемдік тәжірибе бойынша жүзеге асырылып отыр. Мемлекеттің қадағалаумен оны жеке бизнес сапалы орындайды. Жекеменшік техникалық байқау орталықтары негізгі параметрлер бойынша міндетті техникалық байқауды елімізде сертификатталған кез келген шетелдік құрал-жабдықтармен жүзеге асыра алады. Сол себепті қызмет көрсетудің ақысы әр орталықта әртүрлі болады", - дейді Б. Жантұров. Оның айтуынша, неміс және француз құрал-жабдықтарының бағасы ресейде шығарылған өнімдерден қымбаттырақ. Сол себепті көлік құралының иесі байқау орталығын өзі таңдайды. Сұраныс ұсынысты тудыратын болған соң нарыққа меншік формасына қарамастан кез келген орталық қатыса алады. Бауыржан Жантұровтың айтуынша, мемлекеттік техникалық байқауды жүзеге асыру үшін Алматы қаласында кемінде 15 жекеменшік орталық қажет. Сондай-ақ көлік иелері бұл қызметті алдағы уақытта кез келген жерде жүзеге асыруға мүмкіндігі бар.