Мыңға жуық әскери су тасқыны салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бір апта ішінде су басқан аймақтарда әскери ұшқыштар су басқан аймақтардан екі мыңға жуық адамды қауіпсіз жерге көшірді.
«Су тасқынының салдарын жоюға 27 наурыз бен 2 сәуір аралығында барлығы 964 әскери қызметші, 55 автокөлік техникасы, 14 тікұшақ және 2 әскери-көлік авиациясы ұшағы жұмылдырылды. Қарулы күштердің бортымен 1 979 адам эвакуацияланды, оның 584-і бала. Тікұшақтар 230 мәрте ұшып, 40 000 келіге жуық гуманитарлық жүк тасымалдады. 19 700-ден астам құм салынған қап дайындалып, төселді. Су тасқынына қарсы іс-шаралар әлі де жалғасады», - делінген Қорғаныс министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Тек өткен тәулікте су тасқынына қарсы іс-шараларға 361 әскери қызметші, 15 автокөлік, 5 тікұшақ және әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды.
Ақтөбе облысының елді мекендерінен Әуе қорғанысы күштері мен әскери ұшқыштар дайындайтын институттың тікұшақтарымен 128 адам, оның ішінде 27 бала эвакуацияланды. Аймақтарға шамамен 10 000 келі жүк жеткізілді. 29 адам тасымалданды. Олардың ішінде ТЖМ, әкімдік, бұқаралық ақпарат құралдары және Әуе қорғанысы күштері әскери институтының инженерлік-техникалық құрамының өкілдері бар.
Абай облысында Семей қаласы авиабазасының ұшқыштары ТЖМ қызметіне ауданның үстінен айналып қарап шығуына көмектесті.
«Қарағанды облысы Нұра ауданы Нұра, Мыңбаев, Егінді және Көбетей ауылдарында да су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасты. Ол жерге 122 әскери қызметші және 7 автокөлік тартылды. 1400-ден астам қап құм дайындалып, төселді. Ағын су арналары қардан тазартылды және екі жер үйдің айналасынан су шығарылды. Елді мекендердің айналасында және Нұра өзенінің бойында үйінді жасалды», - делінген министрлік ақпаратында.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 30238 әскери бөлімінің әскери қызметшілері 700 қап құм дайындап, оларды төсеу жұмыстарын жүргізді. Батыс Қазақстан облысының аумақтық қорғаныс бригадасы құм салынған қаптарды дайындауға және жергілікті тұрғындарды су басқан үйлерден алып шығуға тартылды. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 41443 әскери бөлімінің жеке құрамы Атырау облысы Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылындағы бөгетті күшейту жұмыстарын жүргізді.
Әуе қорғанысы күштері әскери институтының қызметшілері Ақтөбе облысының Кирпичный, Ақжар, Ақшат елді мекендерінде патрульдеуді жүзеге асырды.