Министр 3 айда ғана салынған депоны аралап көрді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін ТЖМ Командалық орталығына Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев келді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
ТЖ министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов жұмыс кездесуі барысында Қанат Шарлапаевты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде жедел шешімдер қабылданатын жаңартылған ахуалдық залдың қызметімен таныстырды.
«Министрліктің аппаратында Төтенше жағдайларды болжау, модельдеу және талдау үшін заманауи цифрлық жүйелерімен жабдықталған Командалық орталық құрылды. Ол Жедел штабтың функцияларын жүзеге асырумен қатар, елдегі жедел жағдайды басқарып, қажет болғанда қосымша күштер мен құралдарды ұлғайтады», – деді министр.
Бұдан әрі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің делегациясы елордалық №23 жаңа өрт сөндіру бөлімін аралады. Осы жоба алдағы уақытта өңірлерде де жалғасын табады. Депо 3,5 айда салынғанын атап өткен жөн.
Өрт сөндіру бөлімі өзінің әмбебап конструкцияларымен, қасбеттің заманауи дизайнымен және ойластырылған функционалдылығымен ерекшеленеді.