Министр АҚШ-қа тікелей әуе рейстері қашан ашылатынын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан мен АҚШ арасында үкіметаралық келісім рәсімделеді. Соның негізінде тікелей Нью-Йорк қаласына ұшуға мүмкіндік бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр АҚШ-қа тікелей әуе рейстері қашан ашылатынын айтты

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында биыл «Эйр Астана» әуе компаниясымен бірлесе отырып, Токио, Нью-Йорк, Шанхай және әлемнің басқа да ірі қалаларына әуе қатынасын ашу жоспарланып отыр.

«Биыл біз АҚШ-қа ұшу үшін аккредиттеу рәсімдерін бастаймыз. Министрлік Қазақстан мен АҚШ арасындағы әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісім жобасын даярлады, оған биыл наурыз айында қол қою жоспарланып отыр», - деді Р.Скляр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, азаматтық авиация саласында жолаушы тасымалдау көрсеткіштері өсіп келеді. Мәселен, өткен жылы Қазақстан арқылы ұшқан транзиттік жолаушылар саны 900 мың адамға жетті. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 45 процентке артық. Ол кезде 620 мың адам болған.

«2020 жылы транзиттік жолаушылардың саны 1,6 миллион адамға жетеді деп отырмыз. Биыл бірінші жартыжылдықта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бюджеті төмен тұңғыш ұлттық «Fly Arystan» әуе компаниясын іске қосу жоспарланған. Ол алғашқы жылы 1 миллионға жуық жолаушыны «Эйр Астана» әуе компаниясымен салыстырғанда екі есе төмен бағамен тасымалдайды деген жоспар бар», - деп атап көрсетті Р.Скляр.