Министр Алматыдағы университетте студенттердің жеке деректерінің таралуына пікір білдірді

Саясат Нұрбек
Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде студенттердің жеке мәліметтерінің таралып кетуі оқиғасына қатысты пікір білдірді.

«Жеке деректерді, оның ішінде медициналық сипаттағы мәліметтерді заңсыз тарату – заң бұзу әрекеті саналады. Осы оқиғада заң бұзу дерегі бар екенін ескере отырып, оны бақылауға алдық. Кінәлілер қолданыстағы заңнама аясында жазаланады», - деді Саясат Нұрбек Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Бұл тұрғыда ол жеке деректерді қорғау туралы заң бар екенін еске салды.

«Аталған оқиға - әкімшілік құқық бұзу дерегі. Бұл ретте, жеке мәліметтерге немқұрайлы қарау жағдайы болуы мүмкін. Сондықтан осы мәселені қатаң реттеу керек», – деді министр.

Бұған дейін қаладағы университеттердің бірінде  WhatsApp желісінде студенттердің тізімі бар құжаттар таралған. Онда қыздардың толық аты-жөнінен басқа, олардың ЖСН-і, ұялы телефон нөмірі мен медициналық деректері бар.

Соңғы жаңалықтар