Министр антибиотик және бетперделердің бағасы қалай реттелетінін айтты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыға ресми сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингококк жұқпасының белең алуына байланысты дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің айтуынша, антибиотиктер мен бетперделер мемлекет тарапынан берілетін тегін медициналық қызмет көлеміне кірмейді.
Сол себепті министрлік бұл дәрілердің бағасын реттеуге құқылы емес.
«Шынымен, эпидемиологиялық маусым кезінде дәрілер 2-3 есе қымбаттап кетеді. Қазіргі күнде заңнама бойынша министрлік тек қана мемлекет тарапынан беріліп жатқан дәрілердің бағасын ғана реттей алады. Бұл заттар жекеменшік дәріханаларда сатылады. Сондықтан, олардың бағасын реттеуге біздің құқығымыз жоқ. Бірақ Елбасының тапсырмасы бойынша арнайы заң жобасын әзірледік. Қазір ол Парламентте қаралып жатыр. Келер жылдың аяғына дейін заң жобасы дайын болады. Дәрілік заттардың бағасын өзгерту үшін міндетті түрде жылына 2 рет арнайы процедура жасалуы керек», - деді министр.
Оның айтуынша, қазір антибиотик бағасын жергілікті әкімдіктер реттеуі керек.
«Жергілікті атқару органдары, әкімдіктер жеке кәсіпкерлермен жұмыс жасап, олардың әлеуметтік жауапкершілігін көтеруге барын салуы тиіс», - деді министр.
Мұның алдында тұтынушылар менингококк жұқпасының белең алуына байланысты дәріханаларда бетперделер мен антибиотик дәрілерінің қымбаттағанына наразылық білдірген болатын.