Министр азық-түлік бағасы туралы: Көп шығыннан қорықпа, аз табудан қорық

АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев азық-түлік бағасын тұрақтандыру туралы тілшілер сұрағына жауап берді.

Арман Шаккалиев
Фото: Үкімет

«Қазақстан Қырғызстан және Өзбекстанмен сауда логистикалық кешендерін салу үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Тиісті келісімге қол да қойылды. Сіздің ойыңызша, алдағы 10 жылда осы кешен жұмыс істесе, Қазақстанда азық-түлік арзандай ма? Себебі, қазақстандықтардың табысының жартысынан көбі азық-түлік сатып алуға жұмсалады», - деп сұрақ қойды тілшілер Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.

Өз жауабында министр бұл жобаның 3-5 жылда іске асатынын және ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтінін жеткізді.

«Сондықтан ішкі нарықты азық-түлікпен қамту алдағы жылдардың еншісінде. Біз барлық позиция бойынша импортқа тәуелді емеспіз, азық-түлік тұрғысынан айтып тұрмын. Ең басты тауарлар бойынша өзімізді қамтамасыз етіп отырмыз. Сондықтан барлық инфрақұрылым елдер арасындағы тауар айналымын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ ішкі нарықтағы азық-түлік түрін көбейту жоспарда тұр», - деді А. Шаққалиев.

Журналист «қазақстандықтар қашан табысының жартысынан көбінен азық-түлікке жұмсауды қояды?» деп сұрады.

«Сұраққа былай жауап берейін: «Көп шығыннан қорықпау керек, аз табыс табудан қорқу керек». Азық-түлік пен тұтыну тауарларына келсек, баға құбылады. Өзімізді қамтамасыз ететін жерде, тұрақты жеткізілім, бәсекелестіктің жоғары деңгейі бар жерде баға нарыққа сай болады. Сондықтан мұнда болжам жасаудың да қажеті жоқ», - деп жауап берді Сауда министрі.