Министр Бозайғырдағы жұрттың жаппай улануына не себеп болғанын айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихаты кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ақмола облысы Бозайғыр ауылындағы жұрттың жаппай улануына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жағдай бізге белгілі. Оқиға бойынша бірден санитарлық-эпидемиологиялық тергеу басталып кетті. Оның себептерін анықтау біраз уақытты алатыны сөзсіз. Жалпы, біздің ойымызша, адамдардың жаппай улануына еріген қар суының құдыққа құйылуы себеп болған. Бізге қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қолданғанымыз абзал. Себебі тасқын су мәселесі жыл сайын орын алады. Бірақ өкінішке орай, жүйелі шаралар мен индикаторлар болмағандықтан, біз орын алған зардаптармен күресуге мәжбүрміз», - деді министр.
Еске сала кетейік, Бозайғыр ауылындағы алғашқы улану фактілері 11 сәуірде тіркелген. «Хабар» арнасының мәліметтері бойынша, медициналық көмекке 150 адам жүгінген.