Министр дәрігерлердің Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге қалай көмектескенін айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігерлердің Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге қалай көмектескенін айтты.
Оның пайымынша, Ақтау маңындағы ұшақтың апатқа ұшырау трагедиясы біздің шұғыл қызметтеріміздің қаншалықты жедел, нақты жұмылдырылатынын көрсетті.
- Апат болған жерге бірнеше минуттың ішінде келген жедел жәрдем бригадаларының үйлесімді және уақтылы іс-қимылының арқасында ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адамның өмірін сақтап қалды.
Бұдан әрі Ақтау қаласының облыстық ауруханасында зардап шеккендерді алған жарақаттарының ауырлығы мен сипаты бойынша білікті іріктеу жүргізілді.
Ауыр жарақаттары бар адамдарды емдеуге жатқызудың алғашқы сын сағаттарында дереу құрылғыларға қосу, дәл диагноз қою және қажетті дәрі-дәрмектерді тағайындау маңызды болды. Біздің дәрігерлер өмірдің әрбір минуты қымбат болған күрделі де қиын жағдайда жоғары кәсіби деңгейде бұл тапсырманы орындады, - деп жазды министр.
Сондай-ақ, қарапайым адамдар, әртүрлі өңірлерден келген отандастарымыз да бейжай қалмады, қиындыққа бірден жауап берді.
- Екі күннің ішінде республика бойынша қан орталықтарында 1,5 мыңнан астам адам 800 литр қан тапсырды. Ақтаудың өзінде донорлық пункттерге 490 адам келді, Астанада – 600 – ден астам адам, Шымкентте – 125, Ақтөбеде – 109, Жетісуда – 49, Қарағандыда-40, ШҚО-34 адам қан тапсырды және басқа өңірлерде де адамдар бұл апатқа бей-жай қараған жоқ.
Осындай қиын сәттерде біз адам өмірінің нәзік екенін және ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың күші қаншалықты зор екенін одан да қатты сезінеміз, - делінген жазбада.
Министр медицина қызметкерлеріне көмектескен, қайғылы ұшақ апатынан зардап шеккендерге қан тапсыруға қатысқан әрбір адамға шын жүректен алғыс айтты.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін зардап шеккен 6 адамның жағдайы тұрақтанғанын мәлімдеді.