Министр: Денис Тен қанды көп жоғалтқандықтан қайтыс болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов спортшы Денис Теннің қазасы және дәрігерлер көмегі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр: Денис Тен қанды көп жоғалтқандықтан қайтыс болды

Бүгін сағат 14:16-да жедел жәрдем қызметіне көшеде белгісіз адамның пышақ жарақатымен жатқаны туралы хабар келіп түсті. Екі минутта шақыру бригадаға жіберілді және 10 минутта жедел жәрдем бригадасы оқиға орына жетті. 11 минутта науқас жедел стационарға жеткізілді.Жедел жәрдем машинасында реанимациялық шаралар жасалды. Жол үстінде ауруханаға хабар беріліп, науқасты хирургтар тобы күтіп алды. Дәрігерлер бірден ота жасап, екі сағат бойы жансақтау бөлімінде спортшының өмірі үшін күресті. Бірақ, қанды көп жоғалтқандықтан, 17:30-да Денис Тен қайтыс болды», - деп жауап берді министр журналистер сұрағына «Нұрсәулет» бизнес-орталығында.

Министрдің айтуынша, жедел жәрдемге хабар берілгенше спортшы көп қан жоғалтқан. 

"Дәрігерлер тарапынан барлық көмек толық көрсетілді. Бірақ, жедел жәрдемге хабар берілгенше спортшы көп қан жоғалтқан еді. Қанның көп кетуі қашанда өмірге қауіп төндіретін факторлардың бірі. Оқиғаның егжей-тегжейі патологоиялық-анатомиялық зерттеуден кейін анықталады", - деді министр.

Еске сала кетейік, Данис Тен сағат үште пышақ жарақатын алып, Алматыдағы орталық ауруханаға түскен. Оқыс оқиға Құрманғазы-Байсейітова көшелерінің қиылысында болған.

Алматы ІІД берген мәліметтерге қарағанда, спортшы көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі адамның үстінен түскен. Екі арада басталған жанжалдың нәтижесінде әлгі адамдар Денис Тенді пышақтап кеткен. 

Өкінішке қарай, 17:30-да Тенис Тен қайтыс болды.