Министр елдегі ең ұзын көпірді күтіп ұстауға қанша қаржы кететінін айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрі Марат Қарабаев Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданын облыс орталығымен тікелей байланыстыру үшін салынған елдегі ең ұзын көпірді күтіп ұстауға қанша қаражат керек болатынын айтты.
«Жалпы ол көпір стратегиялық нысан болып тұр. Көпірдегі қозғалысқа мониторинг жүргізу үшін 102 камера орнатылған. Көпірге қызмет көрсету үшін жеке бригада жұмылдырылатынын сөзсіз. Қауіпсіздік мақсатында көпірдің екі басына блок постар қойылды. Ол постарда полиция департаментінің бөлімшелері жұмыс істейді», -деді ол.
Ал көпірді күтіп ұстау облыс әкімдігіне жүктелмек.
«Ал күтіп ұстауына келсек, қателеспесем, 300 млн теңгедей керек. Оны нақтылау керек. Бұл жұмыс облыс әкімдігінің құрылымындағы жергілікті бағыныстағы жолдардың бәріне қызмет көрсететін ұйымға жүктеледі», - деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін жергілікті әкімдік жаңа көпір тұрғындар үшін тегін болатынын мәлім еткен еді.