Министр: Елімізде 100-ден астам спорт кешені бар, соның өзі жетпей отыр
ЩУЧИНСК. ҚазАқпарат –ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев еліміздегі спорттық нысандар мен инфрақұрылымға қатысты мемлекеттік саясатты қалай іске асу керектігі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бапкерлер инфрақұрылымның жоқтығына шағым жасады. Расымен, инфрақұрылым - маңызды мәселе. Жыл сайын бірнеше жаңа нысан салынады. Айтар болсақ, өткен жылы елімізде денешынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Бүгінде елімізде 100-ден астам спорттық кешен бар, соның өзі жетпей отыр. Жалпы қысқы спорт бойынша нысан тұрғызу үлкен сұрақ. Себебі қымбатқа түседі, сондықтан алдымен жан-жақты ойластыру қажет. Ал жазғы спорт нысандарының жарасы жеңілдеу», - деді Дәурен Абаев Щучинскіде өткен XXIV қысқы олимпиада ойындарының қорытындысына арналған кеңейтілген отырыста.
Министрдің айтуынша, жаңа ғимарат тұрғызбас бұрын талдау жасаған абзал.
«Қысқы спорт бойынша мысалы, шаңғы сатып алу керек, басқа да құрал-жадбық бар. Оның бәрі мемлекеттік қаржысына алынады. Есебі бар шаруа. Сондықтан спорт нысандары тақырыбына қайтып оралсақ, қаншамасы салынды, алдағы уақытта тағы тұрғызылады. Сол секілді жаңа нысандарды елордада тұрғызамыз ба, әлде Алматыда? Ол үшін талдау жүргізу керек. Бүгінде спорт нысандары мен инфрқұрылым бойынша талдау жұмысы жүріп жатыр. Нәтижесін жариялаймыз», - дейді ол.