Министр Г.Әбдіхалықова ҰОС ардагерлерінің үйлерінде болып, оларға мерейтойлық медальдарды табыс етті
Министр ат басын тіреген үйлердің алғашқысы - ардагер-артиллерист Жаппарқұл Байымбетовтің үйі болды. Бүгінде 91 жасты алқымдап отырған қария 1939 жылы әскер қатарына шақыртылып, міндетін өтеуді Украина КСР-нің Львов қаласында бастайды. Фин соғысына қатысқаннан кейін ол, Львов қаласына қайта аттандырылып, 1941 жылдың наурыз айынан бастап ҰОС басталғанға дейін Кеңес Одағы мен Румыния арасындағы шекарада борышын өтейді. ҰОС уақытында Запорожье қаласының түбіндегі майданда жарылған минадан жарақаттанады да, ұзақ емнен кейін үйіне оралады.
Ардагер Жеңіс күні қарсаңында астаналық 55 майдангермен бірге жаңа үйден пәтер кілтін алатын болды.
Биыл 88 жасқа толатын Глеб Моисеев болса, соғыстың басталғанын кен орнында жұмыс істеп жүріп естігенін айтады. Алғашқы уақытта Дон өзені жағалауында, одан кейін Сталинград қаласын жаудан азат етуге қатысқан. 1943 жылдың қаңтар айында жараланған.
Г.Әбдіхалықова ардагерлерге жылы лебіздерін білдіріп, оларға Жеңістің 65 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен бірге, сыйға теледидар тарту етті.
«Биыл Жеңістің 65 жылдық мерейтойы. Ешбір ардагер ілтипатсыз қалмау керектігі туралы Елбасы өз сөзінде әрдайым айтады. Ең бастысы - көңіл бөлу, одан кейін берілген тапсырмаларға сәйкес, тиісті төлемдерін беру және емдеу-сауықтыру жағдайларын жасау. Қазір осы шаралар республика бойынша жергілікті және мемлекеттік органдарда атқарылып жатыр», - деді ведомство басшысы.