Министр индустрияландыру бағдарламасы бойынша 3 маңызды мәселені атады

АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Индустрияландыру - бұл аса салмақты, ұзақмерзімді жүйелі президенттік бағдарлама.

 Министр индустрияландыру бағдарламасы бойынша 3 маңызды мәселені атады

Бүгін Мәжілісте «2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысы» тақырыбында өткен Үкімет сағатында  Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.

«Ең алдымен индустрияландыру бағдарламасы бойынша үш маңызды мәселеге назар аударғым келеді. Бірінші мәселе - көптеген сарапшылар индустриялық бағдарламаны жобалар жиынтығы ғана деп түсінеді. Негізінде бұл олай емес. Индустриялық бағдарлама - бұл аса салмақты, ұзақмерзімді жүйелі президенттік бағдарлама. Мұнай мен шикізат таусылар, сол кездегі экономиканың қуатын көтеріп әкететін мұнайдан тәуелсіз дамудың даңғыл жолы болуы шарт. Сондықтан да, бұл сектор қуатты әрі орнықты болуы шарт. Бұл бағытта ескі өнеркәсіптік базалар жаңғыртылып, инвесторлар, инновациялар үшін жағдай жасалады. Бұдан бөлек, отандық жұмыс күші осыған даярланып, қажетті инфрақұрылымдар құрылуы шарт. Ең бастысы индустрияландыру бағдарламасы арқылы елімізде, бизнесте және қоғамда жаңа экономикалық ой қалыптастырылуы қажет», - дейді министр. Оның айтуынша, осыған орай индустрияландыру  бағдарламасы жобалардан ғана туындамайтын аса маңызды міндет болып табылады.

Министр «индуситрияландыру - барша экономикалық саясатты алмастырады» деген пікірді де жоққа шығарды. «Біз көбінесе кейбір өңірлерде индустриялық жобалардың болмай отырғандығы туралы сынды естіп жатамыз. Әрине, бұл жерде түсінуге тиісті басты мәселе - бізде адами және материалдық ресурстардың бәрі бірдей жеткілікті емес. Сондықтан да, индустриялық бағдарламаның басты мақсаты  - қосымша құн салығы жоғары, экспортқа бағдарланған саланың қуатын арттыруға негізделеді. Сол үшін барлық салада және барлық өңірде «чемпион» болу еш мүмкін емес. Солай бола тұра кейбір өңірлерге жеткілікті назар аударылмайды деуге де болмайды. Өйткені, еліміздің барша өңірлері мемлекеттік экономикалық саясат шеңберінде (мәселен монокақалар бағдарламасы) реттелетін болады», - дейді Әсет Исекешев.

Сонымен қатар, министр күтілетін нәтижелерге де баса назар аударылатынын жеткізді. «Біз кей жағдайда  «неге бағдарлама жүзеге асқан 2 жыл ішінде Қазақстан Малайзия мен Сингапур бола алмады?» деген сұрақтарды да естіп қаламыз. Әрине, бір жобаны жүзеге асыруға бірнеше жылдарға созылатын даярлық қажет болатынын бизнесмендер жақсы біледі», - деді министр.

Оның айтуынша, 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспар екі бесжылдық арқылы жүзеге асады. Оның ішінде бірінші бесжылдықта индустриялық инновациялық даму бағдарламасына барынша күш салынады. «Әрине, бұл кезеңде экономикалық саясаттың басқа да элементтері баршылық, оның ішінде салалық бағдарламаларға да назар аударылады», - деді ведомство басшысы.