Министр итбалықтардың қырылу себебін түсіндірді
«Жыл басынан бері Қаражамбас және Түпқараған түбегінің оңтүстік-батыс бөлігінен 220 итбалықтың өлексесі табылды. Өлекселер солтүстік және орта Каспий акваториясындағы дауыл мен солтүстік-батыс және батыстан соққан желдің әсерінен жағаға шығып қалған. Осы жағдайға байланысты біздің балық шаруашылығы комитеті түрлі ғылыми ұйымдар және мемлекеттік құзырлы органдармен бірлесіп, зерттеу жұмысын жүргізе келе келесі қорытындыға келді. Табылған итбалық өлекселері ыдырап кеткендіктен сараптама алу мүмкін болмады. Соған қарағанда теңіз жануарлары бірнеше ай бұрын өлген», - деді Серікқали Брекешев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, тек 67 өлген итбалықтың қаңқасына тексеру және өлшеу жүргізілді.
«Олардың 25 пайызынан немесе 17 итбалық өлексесінен өлімге алып келуі мүмкін механикалық әсер іздері анықталды. Итбалықтар балықшылардың ауына түсіп қалуы, түрлі жарақат алуы немесе итбалықтардың тыйым салынған аулау құралдарына тап болуы мүмкін», - дейді ол.
Зерттеу нәтижесінде 19 итбалықтың жасын анықтау мүмкін болған. Атап айтқанда, олардың 52 пайызы немесе 10 итбалық 2021-2022 жылдың қысында туған.
«Итбалық күшіктерінің өлімін олардың әлсіздігімен, суық судан қатып қалуымен яғни жаңа туған итбалықтардың бірден ашық мұзды теңізге шығуымен байланыстырып отыр. 2021-2022 жылдың қысы жылы болды, бұл итбалықтар үшін қолайсыз. Жоғарыда аталған фактілер олардың табиғи өліміне әкелді. Жалпы табылған итбалықтардың ересек жасы 13 жыл. Барлық өлексе тексеруден соң санитариялық нормаларды сақтай отырып өңделді», - дейді С. Брекешев.
Ведомство басшысы итбалықтар өлімінің тағы бір себебін Қашаған кен орнындағы тереңдету жұмысымен байланыстырып отыр.
Фото: gov.kz