Министр: Қазақстанда құрылыс көлемі артты
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Қазақстанда құрылыс көлемі 6,7 пайызға артты.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағатында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.
"Құрылыс көлемі 6,7%-ға өсті, бұл «Нұрлы жол» шеңберіндегі инфрақұрылым мен тұрғынүйлердің ауқымды құрылысымен байланысты. Қаңтар-тамызда барлық көздер есебінен салынған тұрғын үйлерді пайдалануға беру 14%-ға (6,37 млн. шаршы метрге дейін) ұлғайды. Пайдалануға берілген көппәтерлі тұрғын үйлер алаңының көлемі - 26,7%-ға (3,1 млн. шаршы метрге дейін), жеке тұрғын үйлердің көлемі 4,0%-ға (3,3 млн. шаршы метрге дейін) өсті. Мемлекет қаражаты есебінен де оң серпін сақталып, оған 507 мың шаршы метр тұрғын үй салынды", - деді министр.
Тұғын үйді іске қосуда ең үлкен қарқынды Павлодар (42,9%-ға), Ақмола (42,8%-ға), Оңтүстік (38,7%-ға) және Солтүстік Қазақстан (33,1%-ға) облыстары көрсетіп отыр. Бұл ретте 8,7%-ға төмендеу үдерісі тек Қостанай облысында байқалуда.
Министр еске салып өткеніндей, 2015-2016 жылдары тұрғын үй инфрақұрылымын жүргізуге 151,2 млрд. теңге бөлінді. Бұл ретте, бюджеттен инфрақұрылымға бөлінген әрбір 1 теңге тұрғын үй секторына 9,3 теңге жеке инвестиция тартты.