Министр көлік саласында пайда болып жатқан жаңа мамандықтарды атады
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында келешекте көлік-логистика саласында қажет болатын мамандықтарды атады.
— Елдің көлік-логистика кешенінің жылдам дамуын ескере отырып, орта мерзімді перспективада 25 жаңа мамандыққа сұраныс пайда болады деп күтілуде.
Мысалы, жаңа жобаларды іске асыру барысында автомобиль жолдарын BIM технологиясы бойынша жобалау және қайта құру қарастырылған. Бұл цифрлық жобаның аналогын пайдалану мен 3D модельдеуді талап етеді, — деді ол.
Министрдің айтуынша, келешекте «ақылды жолдарды» жобалап, басқаратын мамандықтарға сұраныс артпақ.
— Бұл бағытта «ақылды жолдар» бойынша тиісті инженер-жобалаушылар, BIM технологиясында жұмыс тәжірибесі бар прорабтар, құрылыс роботтарының операторы және цифрлық жобалаушы қажет болады. Бүгінгі күні көлік-логистика саласындағы ірі тораптарды басқару үшін цифрлық логистикалық карталар конструкторы мен операторы қажет. Авиациялық жүйелерді қашықтан басқаратын сыртқы ұшқыш сұранысқа ие, — деді Марат Қарабаев.
Еске салсақ, Президент Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланған еді.
Осыған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында құрылыс пен металлургия саласында пайда болған жаңа мамандықтарды атады.