Министр күндізгі және сырттай оқу бөлімдері студенттері санының ара-қатынасын асырып отырған ЖОО-ларға тиісті шара қолдануды тапсырды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Білім министрлігінің алқа мәжілісінде Ж.Түймебаев, «Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі. Білім алушылар контингенті» стандартына сәйкес, жоғары оқу орындары оларда күндізгі оқу бөлімінің студенттері болған жағдайда ғана сырттай оқу бөлімі бойынша кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыра алатынын тілге тиек етіп, талап бойынша күндізгі және сырттай оқу бөлімдері студенттерінің арақатынасы 4:1 құрауы тиістігін (25 пайызды) айтты .
Министрдің айтуынша, бұл талаптарды бірқатар жоғары оқу орындары орындап отырғанымен, оны елемей отырғандары да бар. Мысалы, «Фемида» Заң академиясының, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінде сырттай білім алушылар контингенті күндізгі бөлімде білім алатындарға қарағанда - 5 есеге, Ө.Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық академиясында - 6 есеге, Қазтұтынушылар Қарағанды экономикалық университетінде - 7 есеге артық.
«Осы орайда Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті мен Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментіне тиісті шаралар қолдануды тапсырамын», - деді ол.