Министр Құрылыс кодексіне қатысты шыққан дауға тағы пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Құрылыс кодексінің айналасындағы дау туралы пікір білдірді.

Қанат Шарлапаев
Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

«Мәселенің практикалық жағына тоқталып өтейік. Қаржы министрлігі аудит жүргізген болатын. Осы аудит аясында заң бұзу фактісі анықталған жоқ. Қаржы министрлігіндегілердің жалғыз айтқаны – процедуралық сәйкессіздіктер болған. Бірақ қаржылық заң бұзу фактісі болмаған. Процедуралық сәйкессіздіктер үшін тиісті қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа айтарым жоқ», - деді ол журналистің сұрағына берген жауабында.

Сондай-ақ, түптің түбінде Құрылыс кодексінің жаңа редакциясы қабылданатына сенім білдірді.

«Ал кодексті қабылдау мәселесіне келсек, қазір белсенді жұмыс жүріп жатыр. Екі жылдан бері талқыланып келе жатқанын ескерсек, қорытынды талқылаудан кейін қабылданады деп ойлаймын», - деді Қанат Шарлапаев.

Еске салайық, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу кезінде бүркемеленген заң бұзу фактісіне жол бергенін айтып жүр. 

Ал Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу кезінде заңсыздықтарға жол берілгені туралы сауалына жауап берген болатын.

Соңғы жаңалықтар