Министр Мамытбеков отставка туралы әңгімеге қатысты түсінік беруден бас тартты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков отставкасы туралы әңгімеге қатысты түсінік беруден бас тартты.
«Мен неге қайдағы біреудің әңгімесіне қатысты комментарий беруге тиіспін?» - деді министр А. Мамытбеков Мәжілістің жалпы отырысы аясында журналистерге берген сұхбатында.
Тоқтала кететін жайт, министр бұған дейін өзінің бұрынғы орынбасарының сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша ұсталуына байланысты, ол кінәлі деп танылса отставкаға кетуге әзір екенін мәлімдеген. Ал экс-вице-министрі Мүсілім Өмірияев 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
«Жұмыстан кетуге дайынмын ба? Иә. Маған деген сенім жоғалған сәтте жұмыстан кетуге дайынмын (айтпақшы, Өмірияев қамауға алынған сәттен бастап, мен екі рет отставкада болдым - 2014 жылдың сәуірінде министрлер кабинетінің отставкасы кезінде және тамызда үкіметті оңтайландыру кезінде). Бұл менің жұмысымды бағаламайды дегенді білдіре ме? Жоқ. Мен өз жұмысымды өте бағалаймын. Маған қазіргі жұмысым ұнайды. Тіпті мен оған әуеспін деуге болады. Басқалай болған жағдайда мұндай ауыр жүкті (бірінші кезекті моральдық тұрғыдан) көтеру мүмкін болмас еді. Жақсы нәтиже де жоқ емес (келісемін - бұл жеке пікірім). Шешілмеген міндеттер де жетерлік», - деп жазды А. Мамытбеков әлеуметтік желідегі парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, М. Өмірияев мемлекеттік сатып алулар конкурсында кәсіпкерге жеңімпаз атануға көмек бергені үшін 100 мың АҚШ доллары сомасында пара алды деп айыпталған еді. Қаржы полициясы ауыл шаруашылығы экс-вице-министрін 2013 жылғы 21 желтоқсанда қамауға алған болатын.