Министр он-лайн режимінде еліміздің аймақтарындағы білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты
АСТАНА. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Білім және ғылым министрлігінде аталмыш ведомство басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен интернет-конференция өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шараның ашылу барысында кіріспе сөз сөйлеген министр еліміздің білім және ғылым саласында атқарылып жатқан істер мен ондағы жетістіктеріне қысқаша тоқталды. «Биылғы жыл біз үшін жемісті болды. Қазақстан биыл алғаш рет математика мен жаратылыстану пәндерінен SIMSS-2007 халықаралық салыстырмалы зерттеу жұмыстарына қатысты. Математика пәнінен біз Гонконг, Сингапур, Тайвань, Жапония сияқты мемлекеттерден кейінгі бесінші орынды иемдендік.
Ал жаратылыстанудан қазақстандықтар 11-ші орынға табан тіреді. Командалық есепте 7-ші орынға шықтық. Осының өзі біздің елімізде білім саласына қаншалықты үлкен көңіл бөлініп отырғандығын көрсетеді», деді министр.
Конференция барысында ол еліміздің білім саласына қатысты өзге де бірқатар мәселелер жөнінде сөз қозғады. Бұдан соң ол он-лайн режимінде білім саласының аймақтағы өкілдерімен байланысқа шығып, олардың жаңа оқу жылына деген дайындықтарымен және онда қалыптасқан мәселелермен танысты. Ағымдағы жылдың тамыз айының 19-ы мен 21-і аралығында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру жөніндегі республикалық институты мектеп ұстаздарына арнап түрлі тақырыптар бойынша интернет форум ұйымдастырмақ.