Министр: Өңірлерде дәрігер жетіспеушілігін жою - жергілікті органдардың міндеті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірлерде дәрігер жетіспеушілігін жою - жергілікті атқарушы органдардың жұмысы. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дәрігерлердің түрлі деңгейде жетіспеушілігі бар. Анестезиолог-реаниматолог, психиатр, терапевт, акушер-гинеколог мамандар тапшы. Штаттық лауазымдар тапшылығы жоғары емес. Бүгінгі күні ол шамамен 2,5 мыңға төмендеді. Дегенмен, бұл шынайы дерек емес. Штаттық норматив ескірген нормаларға сәйкес айқындалады және бос бірліктерден тұратынын білеміз. Оларды жалақы қоры болуы үшін әдейі бос ұстаймыз», - деді министр.

Осы орайда ол кей өңірлерде дәрігерлердің қосымша жұмыс істеп жүргеніне назар аударды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 16 дәрігердің орнына 10 дәрігер жұмыс істеуге мәжбүр. Мұның объективті де, субъективті де себебі бар.

«Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін жалдау - жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің емес, бас дәрігердің жұмысы. Дәрігерлердің жеткілікті санын оқытып шығардық. Бұл жылына шамамен 5,5-6 мың медицина қызметкерін құрайды. Бірақ, олар жұмыс орындарына жете бермейді. Себебі оларды өңірлер қызықтыра алмай отыр», - деді Е.Біртанов.

Оның айтуынша, өңірлерде барлық дәрігерге бірдей әлеуметтік қолдау көрсетілмейді. Ауылға келген жас мамандар әлеуметтік көмекті толық көлемде ала алмайды.

«Ағымдағы жылы түлектерді міндетті түрде бөлу және таңдау құқығын бастаймыз. Жас мамандарға ең алдымен жергілікті атқарушы органдар тарапынан барынша қолдау болатын өңірлер ұсынылады», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар